Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
– Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.
– Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға Қырғызстан Президентінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанын атап өтті.
– Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінгі отырыс барысында екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты.
– Уақыт сынағынан өткен ықпалдастығымыздың болашағы зор екеніне кәміл сенемін. Бұл бағытта бір кісідей күш жұмылдыруымыз қажет. Осы орайда Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын дамытуға ерекше серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді.
– Бүгінгі шара қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтықмақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.
Президенттер бүгінгі талқылаулардың табысты болғанын, екіжақты ықпалдастықтың басымдықтары мен алдағы міндеттері айқындалғанын атап өтті.
І ДӘРЕЖЕЛІ «ДОСТЫҚ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАДЫ
Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.
– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, cізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.
БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ
Екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғызстан Президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентінің бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
– Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген.
– Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келдік. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды. Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы стансасын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілгенін атап өтіп, осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық түйткілді мәселелерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтіп, келіссөз барысында Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын жеткізді.
– Биыл Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті 6-шы Консультативтік кездесуіне белсене атсалысуға уағдаластық. Қазақстанның бірқатар халықаралық ұйымның төрағасы ретінде көтерген бастамаларын қолдағаны үшін қырғыз бауырларға ризашылық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келуге шақырып, қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостық сый-құрметі үшін алғыс айтты. Қырғыз Президенті бүгінгі кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әрі оның мазмұнын байытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Қырғыз елінің басшысы Астанаға ресми сапары қарсаңында өткен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы шеңберінде, сондай-ақ былтыр Таразда өткен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында іскерлік байланыстар нығайып, маңызды инвестициялық келісімдер жасалғанын айтты. Сонымен қатар келесі Өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл Қырғызстанда өтетінін мәлімдеді.
Екіжақты келіссөздің, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі алтыншы отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.
АЙКӨЛ МАНАС ЕСКЕРТКІШІНІҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Астанадағы Айкөл Манас ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтті.
– Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мыңжылдық тарихы бар Манас жырын барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра ретінде атап өтіп, оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деуге болатынын айтты.
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткеніне тоқталды. Сонымен қатар Садыр Жапаров барша қырғыз елінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Айкөл Манас ескерткішін ашуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты шараға Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.