Қазақстандық балуан Бішкекте Олимпиадаға жолдама алды

Әлімхан Сыздықов жартылай финалда Қырғызстан өкілі Роман Кимді жеңіп, Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.

Қырғызстан астанасы Бішкекте күрес  түрлерінен Олимпиадаға іріктеу  турнирі аяқталды. Азия аймақтық іріктеу сынында үлестірілген соңғы жолдамалардың  бірін қазақстандық Әлімхан Сыздықов жеңіп алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, грек-рим күресінен 130 келі салмақта сынға түсетін Әлімхан Сыздықов жартылай финалда Қырғызстан өкілі Роман Кимді жеңіп, Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді. 

Бішкектегі турнирде Юрий Мельниченко жаттықтыратын грек-рим құрамасы 3 квота жеңіп алды. Құрама сапынан 60 келідегі Айдос Сұлтанғали, 77 келідегі Демеу Жадыраев және 130 келідегі Әлімхан Сыздықов жолдамаға қол жеткізді. 

Ал 67 және  97 келі салмақтағы соңғы жолдамалар Стамбулдағы әлемдік іріктеу турнирінде сарапқа салынады.