Сәуірдің соңы мен мамыр айының басына ауа райы болжамы жарияланды

Нөсер жаңбыр жауып, Шығыс және Солтүстік Қазақстанда түнгі мезгілде жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін.

Синоптиктер сәуірдің соңы мен мамырдың басына ауа райы болжамын жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекованың мәліметінше, алдымыздағы аптада еліміздің басым бөлігіне жауын-шашын түседі. Күн суытады. Нөсер жаңбыр жауып, Шығыс және Солтүстік Қазақстанда түнгі мезгілде жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін. Соның салдарынан ауа температурасы 5-13 градусқа, түнгі уақытта 1-6 градусқа дейін түседі.

Батыста, оңтүстік және оңтүстік шығыста ауа температурасы 25-30 градустан 15-20 градусқа дейін төмендейді.

Мамырдың басы да жаңбырлы болады. Ал жалпы, мамыр айы ыстық болады дейді мамандар.

«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауа райы кей күндері 35-40 градусқа ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде 25-35 градус ыстық күтіледі. Қатты ыстық температура жауын-шашынмен алмасып отырады. Сондықтан солтүстік аймақтарда түнде үсік жүруі мүмкін», – дейді Жұлдыз Исабекова.