Биыл Жеңіс күніне орай қызылордалық соғыс ардагерлеріне 2,5 миллион теңгеден берілетін болады. Сондай-ақ бір ардагерге баспана кілті табысталып, жеңіс күнін жақындатқан қарияларға материалдық көмек көрсету көзделіп отыр. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мамыр айындағы мерекелерді атап өту мәселелерін талқыланған жиында айтты.
«Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жандардың ерлігі қандай құрметке де лайық. Бұл – біздің аға ұрпақ алдындағы парызымыз. Соған орай биыл Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2,5 млн теңге көлемінде төлем төлеу туралы шешім қабылданды», – деді аймақ басшысы.
Қазір өңірде 2 000-нан астам тыл еңбеккері бар. Оның ішінде бір ардагер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұған қоса, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің 7 жесірі, соғыс кезінде жараланған, контузия алып, мертіккен немесе ауру салдарынан қаза тапқан мүгедек жұбайы не зайыбы бар 4 адам тұрады. Сол сияқты соғысқа қатысушыларға және соғыс кезінде алған жарақат салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілгендер саны 1 894-ті құрайды. Жеңісті жақындатқандардың әрбірі мемлекет қамқорлығын сезініп жүр. Оларға жыл сайын түрлі қолдау шаралары өткізіліп тұрады.
«Былтыр қарт майдангерлерге 1 үй, 1 көлік, сонымен бірге 1,5 млн теңгеден табысталған еді. Биыл да бір ардагерге Қызылорда қаласынан үй берілді. Бұдан да басқа демеушілер есебінен ақшалай және материалдық көмек көрсетіледі. Бұл тұрғыда қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мерекені атап өтудің жоспарына енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді етіп ұйымдастыруға тиіс», – деді облыс әкімі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең үлкені 102 жаста екен. Бүгінде Қызылорда қаласы, Қазалы және Сырдария ауданының әкімдіктері Жеңіс күні қарсаңында төлемдерді аудару бойынша жұмыстарды ұйымдастыруда.
Осы орайда айта кету керек, соғыс ардагерлерін белгіленген мөлшердегі бір жолғы төлемнен бөлек, осы санаттағы 3 964 адамға 147 680 теңгеден қаржы беріледі. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккеріне 221 520 теңге төленбек.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы