Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер екі оқылымда қабылданды.
Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірледі. Кеше заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойынға тәуелділікпен күресу қоғам үшін өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Сондықтан мұндай жағдайға әкелетін себептерді жойып, қоғамды бұл дерттен сауықтыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған», – деді ол.
Депутат заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылғанын айтты. Үйлерде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кинода, мобильді операторлардың SMS хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты.
Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Заң жобасы аясында электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыстарында лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі.
Дауыс беру қорытындысында Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күресу туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды.
«Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зерделеп, заң жобасын жан-жақты талқылап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұмысқа сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн», – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілген түзетулер екі оқылымнан өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.
Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанның айтуынша, заң жобасы өткен аптада Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңға ілеспе болып саналады. Өзгерістер оның нормаларын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптарымен сәйкестендіруге бағытталған.
«Заң жобасында масс-медиа туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. «Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасын бұзу» кодексінің 452-бабын алып тастау ұсынылады. Себебі «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның күші жойылады», – деді Ж.Әшімжан.
Бұдан соң Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Бауыржан Смағұлов құжат Мемлекет басшысының 2021 жылғы электр энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Заңға «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Мұндай нысандар артық өндірілген электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымға белгіленген шекті тариф бойынша сата алады. Мәжілісмендер екінші оқылымға дайындық барысында жобаға жаңа нормалар енгізді.
«Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген су электр стансасынан электр энергиясын басымдықпен сатып алу жүзеге асырылады. Газ баламалы отын түрі ретінде пайдаланылатын жылу беру объектілеріне қондырғыларды жаңғыртуға, реконструкциялауға жасалатын инвестициялық келісімдер кеңейтіледі. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласына мемлекеттік реттеу енгізіледі», – деді Б.Смағұлов өз баяндамасында.
Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті. Жалпы, отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Төменде, солардың бірқатарын ықшамдап беріп отырмыз.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР КӨТЕРГЕН ЖҮК – ЗІЛ БАТПАН
Ерлан САИРОВ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мысалы, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн., Facebook-қа – 2,6 млн., ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 млн. азамат тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – бүгінгі өмір шындығы! Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті.
Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады. Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Түрлі ойынды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады.
Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Ендеше, аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуы қажет. Олар – жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау, TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу».
Сергей ПОНОМАРЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Өкінішке қарай, елімізде «тазалық» пен «тәртіп» ұғымдары ұлттық маңызын жоғалтты. Қазір көпшілік балаларға арналған сенбіліктерді жоюды жақтайды. Бұл балаларды еңбекке баулудың жақсы әдісі деп ойлаймын. Бала кезімізде бәріміз металл және макулатура жинадық, айналаны сыпырдық және одан кейін қоқыс тастамайтынымыз анық еді. Адамдар өздері жинаса, қоқыс тастамайды. Бұл аксиома. Ендеше, осы ретте мен келесі жайттарды ұсынамын:
Үкімет ұйымдастыру шараларымен қатар мектептен бастап барлық жастағы әлеуметтік топта идеологиялық шараны қамтамасыз ететін «Таза Қазақстан» кешенді бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыруы керек. Жергiлiктi атқарушы органдар өз шағын алаңдарын абаттандыруда халықтың қатысуына жағдай жасауы қажет. Тұрғындарды елді мекендердің тазалығын сақтауға ынталандырған жөн. Мәселен, қазір Алматыда «Алматы – ортақ үйіміз» экологиялық акциясы өтуде. Қала тұрғындарына асыл тұқымды ағаштар мен бұталардың көшеттері таратылуда. Олар оны өз аулаларына отырғызып, күтіп-баптап, суарып тұрға тиіс.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әкімдердің қызметі елді мекендер мен қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбетіне қарай бағаланатын болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен ел азаматтарын аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру идеясын қолдауға шақырамын. Бұл мәселеде қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер және азаматтық белсенділер үлкен рөл атқарады. Олар патриотизм дегеніміз өз Отанын таза ұстауға деген ұмтылыс екенін үлгі боп көрсете алмақ».
Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Наурыздың аяғында мен де ең алғашқылардың қатарында суға батқан Қостанай облысының Арқалық, Амангелді мен Жангелдин аудандарының ауылдарына барып, бар жағдайды өз көзіммен көріп қайтқан болатынмын. Бұзылған үйлер, өлген үй мен дала жануарларын, жырылған жолдар мен құлаған бағандардың көрінісі жантүршігерлік. Сумен күресіп, үйлері мен ауылдарын аман сақтап қалудың амалын жасап жүрген жергілікті халықтың жұмылып атқарған істерін де алғаш рет сол жақтан көрдім. Дегенмен арнайы техника, құрал-саймансыз табиғи апатқа төтеп беру мүмкін емес.
Биылғыдай көлемгі су тасқынының қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Осыған орай, әр өңірдің климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дереу барлық өңірлерде келесідей іс-қимылдар қабылдау қажет деп санаймын. Үкіметтің резервегі қаражаты есебінен: инфекциялық ауру тарау қаупінің алдын алу үшін өлген жануарларды дереу санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жою. Сондай-ақ ауызсудың сапасын тексеру, су тасқынымен байланысты апаттардың алдын алу үшін және екінші жағынан суармалы су мен су тапшылығы бар жайылымдық жерлерде қар мен жауын-шашын суын тоқтатуға арналған су қоймаларын салуды қарастыру. Оған қоса республикалық және жергілікті автожолдардың су өткізгіш құбырларын тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу. Келесі мәселе – аудандардағы төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жеке құрамын арттыруды, олардың материалдық-техникалық қамсыздануын, оның ішінде өрт сөндіру техникасы, жүзу құралдары мен су сорғыш жабдықтармен қамтамасыз ету. Ескеретін келесі бір жайт: шалғай аудандардың көліктік қолжетімділігін жақсарту, әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту қажет. Сондай-ақ Арқалықта әуежай салу мәселесін жеделдету қажет. Әуежайдың қажеттілігін су тасқыны да айқын дәлелдеп берді. Өйткені авиакеросин сақтайтын қоймалардың болмауынан басқа өңірден барған тікұшақ жанармайдың жоқытығынан сын сағатта әрекетсіз тұрып қалды».
Екатерина СМЫШЛЯЕВА,
Мәжіліс депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
«Осы күндері депутаттар өңірлерде болып, зардап шеккендермен кездесіп, қабылдаулар жүргізді. Бүгінде эвакуациялау пункттерінде «AMANAT» партиясының «Кұқықтық көмек» жобасының заңгерлері жұмыс істеуде. Келіп түскен өтініш-тілектер негізінде келесі мәселелерге назар аудару маңызды:
Бірінші. Бұзылған және қираған үйлерді қалпына келтіру үшін уақыт қажет. Ал отбасылар үшін тұратын жер керек. Үйді жалға алу құны өте қымбат. Әкімдіктерде болса, тұрғын үй қоры жеткіліксіз. Ендеше бізде заңда азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау механизмі қарастырылған, осы мақсатта бюджетке қаражат бөлінген. Міне, осы ережелерді зардап шеккен отбасыларға да қолдану қажет.
Екінші. Су тасқынынан кейін тұрғын үй-жайлар мен аулаларды санитарлық тазалау маңызды. Бұған санитарлық қызметтің ресурстары жеткіліксіз және бюджетте қаражат қарастырылмаған. Ал өз есебінен жүргізуге үй иесінің қалтасы көтермейді. Оның үстіне бұл жұмыстар кәсіби деңгейде атқарылуы қажет. Ендеше санитарлық өңдеуге қажетті қаражатты бюджетте қарастырып, мұны мамандандырылған ұйымдар арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз.
Үшінші. Мүлікті тіркеу мәселесі. Қазірдің өзінде үй иелері арасында дау шығып жатыр. Өйткені ондаған жылдар бұрын үйлерін тастап кеткен немесе тіркеусіз сатқан қожайындар пайда болуда. Оларға нотариалдық немесе адвокаттық көмектер мемлекеттік заң көмегі ретінде тегін көрсетілуі керек. Сондай-ақ тіркеу жарналары мен алымдар бойынша зардап шеккендерге түсетін қаржылық ауыртпалықты азайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Төртінші. Кейбір елді мекендерде көпқабатты үйлердің ортақ мүлкі бүлінген. Бірақ жекелеген меншік иелерінен өтемақы туралы өтініштері қабылданбайды. Ал мұндай үйлердің көпшілігі аз пәтерлі болғандықтан, басқару органдары жоқ. Осыған орай тұрғын үй инспекциясы осы мәселені шешуге атсалысса.
Бесінші. Су тасқыны кезінде пәтер жалдап тұрған отбасылар қиын жағдайда қалып отыр. Олар да дүние-мүлкінен айырылды, бірақ өтемақы алгоритмі оларға келгенде түсініксіз. Жалға берілетін тұрғын үй нарығы бізде «көлеңкелі» болғандықтан, жалға алушылардың көпшілігінің қолында жалдау шарттары жоқ. Осыған байланысты азаматтардың аталған санатына бірыңғай бекітілген тәртіпте қолдау көрсету маңызды».
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ