Ақтөбелік еріктілер алдымен Қобда ауылында тұратын Екатерина Нұржұманованың үйіне барып, ауыр заттарды үйден шығаруға көмектесті. Олар үй жиһаздарын күнге кептіріп, қауіпсіз орынға тасып жүр. Сондай-ақ үй іші мен ауланы тазарту жұмыстарын жүргізуде.
Зейнеткер қазір жалғыз тұрады. Оның жағдайына әлеуметтік қызметкер қарап отыр. Су тасқыны кезінде зейнеткердің баспанасы суға кеткен. Жағдай тұрақталған соң комиссия келіп қарап, үйдің тұруға жарамсыз екенін айтқан. Қария маңдай терімен жиған мүлкін сақтап қалу үшін еріктілердің көмегіне жүгінген.
«Жастар рухы» Жастар қанаты АОФ төрағасы Әлішер Тыныштықтың айтуынша, еріктілер тек тасқын сумен күресу жұмыстарына емес, үйлерді қайта қалпына келтіруге де атсалысуда.
– Егде тартып, өздігінен қозғалуы қиынға соққан қариялар үй іші мен ауласын жинай алмайды. Сондықтан біз, ең алдымен, жалғызбасты қарияларды қамқорлығымызға алдық. Осы мақсатпен Темір ауданына да бардық. Алдағы уақытта да көмек қажет ететін тұрғындарға қол ұшын созамыз, – деді ол.
Айта кету керек, бүгінге дейін Қобда ауданында 136 үй жарамсыз деп танылып отыр.
Берік БЕК