Қайтыс болған қыздың бір жыл бұрын танысының мазалайтыны туралы полицияға шағымданғаны белгілі болды. Ал қылмыскер қыздың пәтеріне балкон арқылы кірген. Қайтыс болған қыз Ақтөбе медициналық орталығының дәрігері болып шықты, - деп хабарлады «Диапазон» басылымы.
Қылмыс болған үйдің тұрғындары таңертең ерте әйел адамның қатты айқайлағанын естігенін айтты. Осыдан кейін әйел 102-ге хабарласқан. Алдымен полицейлер, кейін төтенше жағдайлар қызметі жеткен. Олар есікті ашқанда, әйел пышақ жарақатынан қайтыс болған. Тұрғындардың айтуынша, күдікті екінші қабаттың балконына баспалдақпен көтеріліп, дәл осылай пәтерден шығып кеткен.
"Марқұммен көрші ретінде араластық. Бұған дейін бірнеше рет бір ер азаматпен ұрсысып жатқанын көргенмін. Мен ол жігіттің қызды мезі еткенін еститінмін. Ол тіпті көршілерден жігіт берген гүлді қабылдамауды сұраған",-деді көршілерінің бірі.
Полиция одан шағым түскенін растады.
"Өткен жылы ол жергілікті полиция қызметкеріне мезі ететін қоңырауларға шағымданып хабарласқан. Оның үстінен хаттама толтырылып, сот қорғау нұсқауын шығарған", - деп хабарлады Полиция департаменті.
Мөлдір Томарова Қызылорда қаласының тумасы, Ақтөбе қаласындағы медициналық университетті бітіріп, дипломын алып, Ақтөбе медициналық орталығының жедел жәрдем бөлімінде жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істей бастады. 2016 жылы мамандарды қайта даярлау курстарынан өтіп, эндокринолог дәрігері болып жұмысқа ауысты.
"9 жылдан астам еңбек өтілі кезінде өзін жоғары білікті маман ретінде көрсетті. Ол өз жұмысына адал және үлкен жауапкершілікпен қарады. Ол әріптестері мен емделушілер арасында үлкен бедел мен құрметке ие болды. Оған дәлел пациенттердің Мөлдірге айтқан оң пікірлері мен алғыстары",- деді Ақтөбе медициналық орталығының әкімшілігі.
Ол еңбек еткен жылдары басшылық пен денсаулық сақтау басқармасының бірнеше мәрте грамоталары мен алғысхаттарына ие болған.
Естеріңізге сала кетейік, 22 сәуір күні таңертең бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері тұратын Маресьева көшесіндегі бес қабатты үйде жантүршігерлік қылмыс болды. Қылмыскер 2-қабаттағы пәтерге балкон арқылы кіріп, пәтер иесі 34 жастағы Мөлдірді пышақтап кеткен. Ізін жасырмақ болған ол полиция қызметкерін жаралап, көлікке отырып қашып кеткен. Іздеу кезінде күдікті Ақтөбе-Болгарқа жолында бірнеше көлікпен соқтығысып, артынша көлігі аударылып қалған.
Қазір ол қамауға алынып, кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.