Су басқан елді мекендерде 405 сәби дүниеге келді

Су тасқынынан зардап шеккен облыс­тардағы медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Ор­талық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева мәлімдеді.

«Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 422 жүкті әйел эвакуацияланды, 405 әйел аман-есен босанды, барлық сәби мен аналар патронаждық қызметтердің қамқорлы­ғында», – деді ол.

Бүгінде эвакуациялық пункттерде медици­налық және медициналық-психологиялық көмек көрсетуге 742 медицина қызметкері тартылған. Оның ішінде 143 дәрігер, сондай-ақ 69 психолог бар.

«Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан созылмалы аурулары бар 1360-қа жуық адам эвакуацияланды. Олардың әрқайсысы медицина қызметкерлерінің бақылауында, дәрі-дәрмектермен қажетті көлемде қамтамасыз етілу­де. Тасқыннан зардап шеккен 2 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілді», – деп атап өтті Ә.Оразалиева.

Ведомствоның дерегінше, су тасқыны бас­талғалы эвакуациялық пункттерде барлығы 106 медициналық пункт ашылған. Қазіргі сәтте Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының эвакуацияланған тұрғындары үшін 59 медици­налық пост жұмыс істеп тұр.