Мұндай болжамды жергілікті ғалымдар Жайық өзенінің ғарыштан түсірілген суреттері, судың ағу жылдамдығы мен судың жолай арналарға тарауын негізге алып жасап отыр.
ҮЛКЕН СУ НЕГЕ «КЕШІКТІ»?
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының инженер-гидрологы Людмила Приданованың айтуынша, Атырауға үлкен судың «кешігуінің» табиғи себебі бар.
«22 сәуір, 08:00 сағаттағы жағдай бойынша, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы гидропостындағы су деңгейі 412 сантиметрді көрсетті. Тәулігіне су +3 сантиметр көтеріліп отыр. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілуі 221 сантиметр құрайды. Қазір Қиғаш өзенінің де су деңгейі көтерілуде. Осындай ахуал Жайықтың Махамбет, Индер ауданындағы гидропосттарында да байқалуда. Иректі су қоймасының негізгі суы Қазақстанның Ресеймен шекарасында төгілді. Соның арқасында күтілетін судың жылдамдығы төмендеді. Сондықтан Атырауға үлкен су кеш келеді деп болжап отырмыз», – деді ол.
Ғалымдардың пайымдауынша, қазір Атырау қаласымен бірге, Индер, Исатай және Махамбет аудандарына су келу қаупі төніп тұр. Сол себепті каналдарды қазу, Каспий теңізінің табанын тереңдету және өзен жағалай бөгет соғу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
СОКОЛОК КАНАЛЫ ТЕРЕҢДЕТІЛІП, ҚОСЫМША АРНА ҚАЗЫЛДЫ
Қазірдің өзінде Атырау қаласында Соколок каналында жағалау бекіту жұмыстары толығымен аяқталды. Соколок каналы үлкен стратегиялық маңызға ие. Үлкен суды «күтіп алатын» «қақпа» десек те болады.
Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағатын мол суын азайтуға арналған басты каналдың бірі – Соколок. Оның су өткізу қабілеті секундына 100 текше метрді құрайды. Ұзындығы 32 шақырым болатын каналдың ерекшелігі – ол қаланы айналып, Жайық өзені мен Каспий теңізін жалғастырып жатыр. – Соколок бойынша бастапқы жоспар қолданыстағы каналды дамбалармен бекіту еді. Алайда жағдайды зерделей келгенде, ескі арнамен қатарластырып жаңа канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысын шектейтін болды, – деді учаскенің координаторы Олжас Сұлтанов.
Жаңа каналдың барлық стандартқа сәйкес нығыздалған өз дамбасы бар, биіктігі Балтық межесі бойынша 21 метр. Еңіс жерлердің барлығы геодезиялық белгілермен реттелген.
АЙМАҚТА МОБИЛИЗАЦИЯ ЖАРИЯЛАНДЫ
Атырауда мобилизация жарияланып, әскери міндетте жүрген азаматтар жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылып жатыр. Қазір Атырау қаласындағы Жайық жағалауын бекіту жұмыстарына аумақтық қорғаныс бригадасының 78 әскери міндетті азаматы қатысуда.
– 20 сәуірден бастап 78 әскери міндетті азамат жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. Қазір бізге Жайық өзенінің оң жағалауы бөлініп берілді. Біз бұл аумақта еріктілер көтерген бөгеттерді нығайтып жатырмыз, – деді аумақтық қорғаныс батальоны командирі Руслан Спанов.
Айта кетейік, әскери міндеттілер қала және облыстың 7 ауданынан шақырылған. Олар Атырау қаласында атқарылып жатқан жағаны нығайту жұмыстарына 29 сәуірге дейін қатысады.
22 сәуірдегі жағдай бойынша, бір ғана Атырау қаласында 221,1 шақырым бөгет тұрғызылды. Жаға бекіту жұмыстарына 993 арнайы техника, 1 496 ұйым қызметкерлері, 2 864 ерікті, 1 751 әскери қызметші қатысып жатыр.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫМЕН ШЕКАРАЛАС БАҒЫРЛАЙ КАНАЛЫНА СУ КЕЛДІ
Индер ауданында төрт суару-суландыру каналы бар. Ақсай, Бағырлай, Алғабас–Жорық, Құрайлысай каналдарының жалпы ұзындығы 302 шақырымды құрайды. Соның ішінде ең ұзыны 105 шақырымды құрайтын Бағырлай каналы. «Бағырлай каналы да стратегиялық маңызға ие. Себебі бұл канал Атырау облысы мен БҚО-ның шекарасы болып есептеледі. 1994 жылы су тасқыны кезінде Бағырлай каналына үлкен су келген еді. Биыл да Батыс Қазақстан облысы территориясында судың көп болуына байланысты, шекараға үлкен су келіп тұр», – дейді «Казсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосынов.
Қазір Индер ауданында Бағырлай, Ақсай каналында жаңғырту жүріп жатыр.
Исатай ауданында 8 сәуірден бастап жалпы ұзындығы 75,28 шақырымды құрайтын бөгеттер соғылды. Бұл туралы Исатай аудандық жедел штабы мәлімдеді. «Ауданның төрт ауылдық округіне бюджет есебінен және еріктілердің көмегімен шамамен 296 100 қап жиналды. Жаға жұмыстарына 49 бірлік техника қатысты, мемлекеттік қызметшілер мен мекеме қызметкерлерінен – 300, еріктілерден – 453, барлығы – 753 адам жұмылдырылды», – делінген жедел штабтың ресми хабарламасында.
МАЛДЫ ДА ЭВАКУАЦИЯЛАДЫ
Индер ауданында үй жануарларын қауіпсіз аумаққа көшіру жалғасуда. Қазір арнайы бөлінген орындарға 5 000-нан астам ұсақ мал және 1 700 ірі қара мал көшірілді. Үй жануарларын көшіру жұмыстары Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары қатысады.
Сондай-ақ қауіпті орындар белгіленіп, ықтимал су тасқынының арнайы картасы әзірленді. – Қауіпсіз аймақтардың координаттары белгіленді. Бүгінгі күні Құрылыс және Жарсуат ауылынан қауіпсіз жерге қойларды шығарып жатырмыз. Сонымен қатар Жарсуат ауылында малды көшіру орындары да анықталады, – деді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Әбдіров.
БІР ҚОЛЫ ЖОҚ ӘЛИЯНЫҢ ЕРЛІГІ
57 жастағы Әлия Досмұханованың ерлігі көпті тәнті етіп отыр. 3-топтағы мүгедек әйел қиын жағдайына қарамастан, тасқынмен күреске бар ерік-жігерімен жұмылып жүр.
Жолдасы және үлкен ұлымен бірге ерікті түрде волонтерларға тамақ дайындауды ұйымдастырып жүрген Әлия бірлік бар жерде жақсылық болатынына сенімді. – Күн сайын тамақ дайындап, шатырдың ішін жинаймын. Күйеуім мен ұлым қаптарды құммен толтырады. Күн-түн демей жұмыс істеп жүрмін. Мен бұл әрекетімді ерлік деп ойламаймын, ел басына күн туған кезде қолдан келген ісімді жасап қана жүрмін», – дейді Әлия Досмұханова.
Айта кетейік, Атыраудағы жағалау бекіту жұмыстарына түрлі ұйымның 3 875 қызметкері, 3 741 волонтер, 1 751 әскери қызметші тартылып отыр.
ПШОННЫҢ САБАҒЫ
Пшон есімді ит әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналды. Пшон Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында тұрады. Итте болса Пшон құм салынған қапшықтарды тасып, иесіне көмек қылып жүр.
Қожайыны Зәмзагүл Жаңабаеваның айтуынша, Пшон үш жаста. Осы үш жыл ішінде Зәмзәгүл Пшонға әбден бауыр басып кеткен. Әрі біраз нәрсені үйреткен. – Қапшықтарды тасу маған қиындау. Сосын итімді көмекке шақырдым. Бір демде арқасына екі қапты саламын, Пшон оны жағаға сүйреп апарды, – дейді Зәмзәгүл .
Еңбек ардагері Атайман Тасымұлының айтуынша, тасқын су Атырау халқын біріктірді. «Халық демде бір жеңнен қол шығарып, қиындыққа төтеп бере алды. Үш күн, үш түн қасқайып қарсы тұрып, ауылдарын аман алып қалған қызылқоғалықтардың бірлігі, Құлсарыны су басып жатқан уақытта тұтас бір ықшамауданды тасқынға бермеген берекеліктердің ерлігі, тасқынға қарсы тұрып, күні-түні бөгет соғып жатқан атыраулық азаматтардың үлкен ісі сүйсінтеді. Бұл жағдай қарға тамырлы қазақ халқының қандай қиындық болса да, біріге алатын үлкен күш екенін көрсетті», – дейді ақсақал.
ТҮЙІН.
Қазір халықтың береке-бірлігі сыналған шақ болып тұр. Қарғын судың әлегі мол болса да, қалың елдің табандылығы мен ауызбіршілігі әлдеқайда мығым екеніне көз жетті. Мемлекеттің құтқару және тасқынның зардабын азайту шараларын ұйымдастыруда біршама жүйелі әрекет еткені де байқалады. Еріктілер, сарбаздар, қызметшілер, тіпті қариялар да қарғын судың зардабын жою үшін тер төгіп жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы