Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқыны салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға кешенді қолдау шараларын көрсетіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министрліктің мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен мүгедектік тобын қайта куәландыру мерзімдері ұзартылды, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылғандар жалақысын өзгеріссіз алады, ал жастарды шағын несилендіру бағдарламасы бойынша алынған кредиттер бойынша қарыз алушыларға төлемдер кейінге қалдырылады.
Министрлік тарапынан қолдау шараларымен барлығы 15 475 адам қамтылған.
Төтенше жағдай жарияланған қалалар мен аудандарда тұратын 5,3 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік органдарға жүгінусіз автоматты түрде тағайындалды.
Сондай-ақ, ТЖ режимінің қолданылу кезеңінде мүгедектігі бар 2,2 мыңнан астам адам үшін қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды, осы шарамен 4 мыңға жуық адамды, оның ішінде балаларды да қамту жоспарлануда. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топтар бойынша жүзеге асырылады.
Төтенше жағдай кезеңінде ТЖ режимі жарияланған аудандар мен қалаларда субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан 8 мыңға жуық жұмыссыз адамның жалақысын еңбек мобильділігі орталықтары жұмыс берушілерден мәліметтерді талап етпей төлейтін болады.
Су тасқынынан зардап шеккен жастарды шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қамтамасыз етіліп, басқа да мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады. 2024 жылға арналған кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру кезеңінің соңына дейін келесі төлемдерге тең үлестермен бөлінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, «Электрондық үкімет» мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге өтініштер беру функционалдығын енгізді.