Мәжіліс отырысы барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Енді екінші оқылым болады, міне, дәл осы арада шешуін күткен көптеген мәселе бар.
Өкінішке қарай, әзірге мемлекет ғаламторда ешбір бақылаусыз жұмыс істейтін және құмар ойынды жаппай насихаттайтын ойын саласындағы заңсыз шетелдік компанияларды қалай ауыздықтарын білмейді. Мәжіліс отырысында дәл осы заңсыз онлайн казино, лотерея, букмекер, интернет рулетка – қазір Қазақстандағы ойын саласын реттеудегі басты түйткіл екені анықталды.
ҚР-дағы заңсыз ойын бизнесі мәселесі бойынша «Ойын бизнесі туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобына жетекшілік ететін депутат Елнұр Бейсенбаев басты баяндамашы болды. Ол жыл сайын елден заңсыз ойын бизнесі арқылы триллион теңгеден астам қаражат шығарылатынын атады. Баяндамашы бұл сайттар кез келген адамға, тіпті балаға да қолжетімді екенін айтып, заңсыз онлайн ойын құрылымдарының кесірінен елдегі лудомания қарқынмен дамып келе жатқанын жеткізді. «Заңсыз онлайн казинолар клиенттің жасына шектеу қоймайды, соның кесірінен кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен балалар құмар ойынның жетегінде кетіп жатыр» деп атап өтті Бейсенбаев. Депутат нақты мысалды тілге тиек етті: Алматы облысының тұрғыны кәмелетке толмаған екі баласы интернеттегі казино салдарынан құмар ойыншыға айналғанын хабарлады. Мәселенің ушыққаны соншалық құмар ойынға салынған жасөспірімдерді оңалту үшін отбасы психолог мамандардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болған.
– Елімізде жыл сайын бірнеше мың заңсыз ойын сайты бұғатталады, алайда олардың орнында бірден жаңасы ашылады. Бұл заңсыз субъектілердегі қаражаттың айналымын бұғаттау шешуші нәрсе болып табылады. Ойын операциялары басқа іс-әрекет ретінде көрсетіліп, қызметі бүркемеленеді (MCC коды ауыстырылады). Мысалы, бәс тігу есеп-қисапта такси, азық-түлік жеткізу, құрылыс, мейрамхана ақысы, жөндеу және басқа да қызмет үшін төлем ретінде көрсетіледі, – деді Бейсенбаев.
Жиын барысында заңсыз шетелдік ойын бизнесі операторларына төлемді қалай бұғаттау туралы мәселеге баса назар аударды. Депутат Екатерина Смышляева қазір қолданыстағы заңнамада шетелдік ойын бизнесі операторларының пайдасына төлем қызметін жүзеге асыруға тыйым салынғанын атап өтті. Алайда олар бұл тыйымды оңай айналып өтіп, Қазақстандағы төлем ұйымдарының қызметін пайдаланады. Соның нәтижесінде ойыншылар тыйым салынған сайт арқылы оңай ставка жасай алады, өйткені қаражат белгілі бір схема арқылы шетелге қаражат аударатын ұйымның шотына түседі. Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай, интернет дүкенге немесе мейрамхананың қызметіне ақы төлеу көрсетілген кезде МСС-код ауыстырылады, ал іс жүзінде ойын саласының заңсыз шетелдік операторларына ақша аударылады.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, 2023 жылы және биылғы жылдың бірінші тоқсанында 40-тан астам заңсыз онлайн ойын алаңдары жойылды, сондай-ақ 5700-ден астам сайт мен аккаунт бұғатталды.
ҚР Ұлттық банкінің өкілі атап өткендей, мәселені шешу үшін атап айтқанда, тыйым салынған субъектілердің тізбесі жаңартылған сәттен бастап 5 күн ішінде банктерді осы тізбеге кіретін ұйымдардың төлем жасауына тыйым салынғаны туралы хабардар ету көзделеді. Сондай-ақ, ақша табуға тырысып, заңсыз шетелдік ойын бизнесімен бірлесетін төлем ұйымдарының жауапкершілігі туралы мәселе қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Ұлттық банк мемлекетті шатастыратын MCC кодты ауыстырғаны үшін бизнестің жауапкершілігіне қатысты заңнамаға жекелеген түзетулер енгізуге бастамашы болды.
ҚМА, Ұлттық банк, туризм және спорт министрлігінің өкілдеріне депутаттар, егер бұғатталған әрбір сайттың орнына санаулы сағатта көшірмесі пайда болса, желідегі заңсыз ойын алаңдарын одан әрі қалай ауыздықтайтыны туралы сұрақ қойды. Шамасы, бұл техникалық жағынан ең күрделі мәселенің бірі болып қала береді. Осы орайда, қандай да бір себеппен талқылау барысында назардан тыс қалған ҚР өзін-өзі реттейтін букмекерлік ұйымның ойын саласындағы заңсыз ұйымдардың қазір қолданылып жүрген «қара» тізілімнің орнына «ақ» тізілімді, яғни ойын бизнесінің лицензияланған заңды субъектілері ғана кіретін тізбені енгізу бастамасын еске түсірген жөн. Мұндай тізіммен жұмыс істеу қиын емес, ол ұзақ уақыт бойы тиісті мемлекеттік органдардың иелігінде болған. Бұл жағдайда заңсыз ойын ұйымдарын бұғаттау және барлық қаржылық операцияға тыйым салу әлдеқайда жеңіл болады: «ақ» тізімге кірмейтін кез келген субъект автоматты түрде заңсыз саналып, дереу бұғатталады. Бәлкім, бизнес тарапынан бұл ұсыныс түзетулердің екінші оқылымын дайындау барысында жұмыс тобында қаперге алынатын шығар.
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Асхат Аймағамбетов айтқандай, заң жобасымен әрі қарай жұмыс істеу және оны екінші оқылымға дайындау барысында заңсыз ойын индустриясы мәселесін шешу үшін бәрін жасау қажет. Сонымен қатар, ол атап өткендей, депутаттық корпус еліміздегі заңды, лицензияланған ойын бизнесімен бірлесіп жұмыс істеуі керек.
– Қазіргі кезге дейін шешілмеген негізгі мәселе – шетелдік онлайн казиноларды бұғаттаудағы қиындық. Күніне 100 сайтты бұғаттасаң да, орнына 100 жаңа заңсыз сайт ашылады. Тіпті, 100 заңсыз сайт сағат сайын ашылуы мүмкін. Бұған қалай қарсы тұруға болады, әзірге жауап жоқ. Сонымен қатар, заңсыз бизнес деректерді басқаруды үйреніп алды. Шетелдік казино төлейтін қаражат басқа MCC код арқылы аударылады. Онлайн ставкалар қаражаты интернет дүкенге, дәріханаға, таксиге және басқа да мақсатқа төлем түрінде аударылатындықтан, оларды анықтау және бұғаттау өте қиын. Осыған байланысты банктер мен төлем ұйымдары жаңа, қатаң әрі нақты регламенттік базаны қажет етеді. Заң жобасы аясында бақылау сапасын арттыру, бақылау рәсімдерін жетілдіру және қажетті түзетулерді енгізу бойынша алгоритм жасадық. Әрине, біз бұл мәселені әлі де талқылаймыз, өйткені ойын бизнесі саласындағы заңсыз операцияларға қарсы іс-қимылда осалдық танытып отырмыз. Бұған қоса, құмар ойын мәселесіне нақты құқықтық анықтама беру керек. Депутат Магеррамовтың құмар ойынға келіспеушілік презумпциясын енгізу туралы ұсынысын мұқият қарауды талап етеді. Біз бұл жұмысты тиісті министрліктермен және сарапшылармен жалғастырамыз. Жалпы, екінші оқылымға дейін осы мәселелердің барлығын барынша егжей-тегжейлі пысықтау қажет, – деп сөзін түйіндеді Асхат Аймағамбетов.