Қазақстанға Германия Қарулы күштері әскери дәрігерлерінің делегациясы келді

Әскери сарапшылар тактикалық медицина және парамедиктердің еңбегін цифрландыру мәселелерін талқылады. 

Германия Федеративтік Республикасы Қарулы күштері Әскери-медициналық қызметі делегациясының Алматыдағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығымен танысу сапары екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы екіжақты ынтымақтастық шеңберінде өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ГФР Қарулы күштері медициналық полк басқармасының офицері подполковник Ванесса Элена Виттке бастаған шетелдік делегация ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының қызметімен және оқу-материалдық базасымен танысты.

Әскери сарапшылар тактикалық медицина және парамедиктердің еңбегін цифрландыру мәселелерін талқылады. 

Әріптестердің жетістіктерімен танысу және тәжірибе алмасу үшін брифингтер өткізілді. Қазақстандық әскери дәрігерлер делегация өкілдерін ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының қызметімен және даму перспективаларымен, әскери-медициналық мамандарды даярлаумен және мекеменің білім беру қызметінде қолданылатын инновациялық технологиялармен таныстырды. 

Ұйымдастырылған брифингтерде шетелдік әріптестер ГФР Қарулы күштерінің білім беру қызметі, әскери қызметшілерді жауынгерлік іс-қимыл аймағында алғашқы көмек көрсетуге дайындау және оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық білім беру технологияларын пайдалану туралы әңгімеледі. 

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының бастығы медицина қызметінің полковнигі Тимур Ошақбаев әскери медицина саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бастамасын қолдады.