Менің көңіліме ұнағаны, ол кісінің «Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет» деген сөзі болды. Шынында да, бұл – бәрімізге жүктелген үлкен сын, ауқымды міндет. Тасқын судан қираған үйлер, бұзылған жолдар, көптеген инфрақұрылымды қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіруіміз керек.
Президент бұрын жоспарланып қойған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы Үкіметке нақты тапсырма берді. Барлық қаражат, мүмкіндік апат зардабын жоюға, халық тұрмысын оңалтуға арналатын болады.
Үкімет пен жергілікті әкімдік қазірдің өзінде тұрғындардың шығындарын өтеу жұмысын бастап кетті. Мал шығынын төлеу, баспана мәселесін шешіп беру үшін арнайы комиссиялар қызмет етіп жатыр. Мемлекет басшысы «Мен үшін ең бастысы азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы» деп табиғи апат зардабының оңалатынына кепілдік берді. Шынында да, ел болып ұйыссақ, алынбайтын қамал жоқ, бітпейтін іс жоқ.
Біз соңғы екі-үш жылдың бедерінде жүйелі саяси реформалардың жолын өткердік. Ел экономикасын жаңғырту және қоғамдық этиканы жаңарту бойынша күрделі жұмысқа кірістік. Бұл саяси реформалар азаматтық қоғамның дамуына күшті серпін беруде. Бүгінде ел азаматтарының мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктері едәуір кеңейді. Мақсатымыз – әркімнің лайықты өмір сүруіне жағдай туғызу. Мұндай реформалар өз ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған сипатқа ие болып жатыр. Сондықтан оларды сапалы іске асыруды жалғастыруымыз қажет.
Президент 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асатынын айтқан болатын, 1 мамырдан бастап соның бір мысалы ретінде «Наурыз» атты жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақшы. Аталған бағдарлама 8 жылға арналып отыр. Нәтижесінде, 70 мыңға жуық баспанасыз отбасының әлеуметтік мәселесі шешіледі.
Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, біздің халық кез келген дағдарыс жағдайынан, қиындықтан сабақ ала отыра еңсеріп шыққанын білеміз. Менің ойымша, осы жолы да тұтас ұлт болып, тың мүмкіндіктерге жол ашамыз. Қоғамда түбегейлі өзгерістер жасайтын кезең алдымызда тұр.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі