Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.
Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады.
– Соңғы екі жыл Қазақстан мен Қытай тарихындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшыларымыздың күш-жігерінің арқасында ол жаңа деңгейге көтерілді. Біздің парламенттер арасындағы өзара ынтымақтастық көшбасшыларымыздың қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталуға тиіс. Бұл ресми сапарымыз парламентаралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді.
Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану және төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.
Чжао Лэцзи парламентаралық ынтымақтастық Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол Мәжіліс Төрағасының бұл сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Тараптар былтырғы жылдың қараша айында визасыз режим енгізілген сәттен бастап және Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының өткізілуіне байланысты екі ел азаматтарының өзара сапарларының айтарлықтай артқанын атап өтті. Олар мұны үлкен дипломатиялық жетістік деп атады.
Кездесу барысында спикерлер мәдениет, білім беру салаларында да серіктестікті арттыру және екі елдің астаналарында мәдени орталықтарының тезірек ашылуына мүдделілік танытты.
Кездесу соңында Мәжіліс Спикері әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Танымал қытай саясаткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына жоғары баға беріп, Қытай инновация мен цифрландыру саласы бойынша әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.
– Қытайдың Қазақстанның ұлттық даму жолын қолдауға, оның елдің егемендігін, тәуелсіздігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған күш-жігерін қолдайтындығын растаймын. Біз Президент Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық мақсаттың орындалатынына сенімдіміз. Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне тың серпін беретін өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қытай тарапы еліңізге сенімді тірек болуға дайын, – деді Ван Хунин.
Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды.
– Президент Тоқаев 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетуде қазақстандық әріптестерімізді қолдаймыз. Сондықтан екі елдің даму стратегияларын үйлестіріп, саяси байланыстарды нығайту маңызды, – деді қытайлық саясаткер.
Ван Хунин жуық арада Қазақстан Парламенті қабылдаған «Ұлттық қор – балаларға» заңының іске асырылу барысына қызығушылық танытты.
Ерлан Қошанов Президент жариялаған экономикалық өзгерістер Қытаймен инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті, банк ісін дамыту және жаңа инвестициялар тарту мәселелері бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесуде екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың қарқыны жоғары екені айтылды.
– Сіз Қазақстан–Қытай ынтымақтастық комитетін табысты басқардыңыз және елдеріміздің достық әлеуетін жақсы білесіз. Қазір энергетика, автокөлік құрастыру, логистика, электрондық сауда салаларында бірқатар серпінді жоба іске асырылуда. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы тарихтағы ең жоғары деңгейге – 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Мұның барлығы қысқа уақыт ішінде ауқымды мақсаттар қойып, орта мерзімде сауда-саттықты еселеп арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мәжіліс Төрағасы.
ҚХР Төрағасының орынбасары, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде елдеріміз тату көрші, жақсы дос, сенімді серіктеске айналғанына және алдағы жаңа алтын 30 жылдықта Қытай мен Қазақстан бар күш жігерін көшбасшыларымыздың келісімдерін іске асыруға бағытталуы керектігіне мән берді.
– Біз ынтымақтастығымызды инновациялар есебінен де ілгерілетуіміз керек. Баламалы энергия, трансшекаралық электронды сауда, спутниктік телекоммуникация сынды жаңа салаларда байланыстарымызды тереңдету қажет, – деді Хан Чжэн.
Бұдан бөлек, делегация мүшелері SANY Group машина жасау кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – құрылыс және арнайы техника көліктерін шығаратын және сататын әлемдік рейтингтегі төртінші компания.
Мәжіліс делегациясының ресми сапары келесі күні Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласында жалғасты. Онда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.
Тараптар екіжақты, соның ішінде өңіраралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.
– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданында болды. Одан кейін Сіз Қазақстанға жұмыс сапарымен келдіңіз. Бұл оқиғалар Шыңжаң мен Қазақстанның шығыс облыстары арасындағы өңіраралық байланыстарға тың серпін берді. 1 783 шақырымға созылған ортақ шекарамыз бар. Оған қоса, осы Шыңжаң аумағында біздің 1,6 миллионнан астам қандасымыз, қазақ бауырымыз тұрады. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы «алтын көпірге» айналды, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы Шыңжаң Қазақстан үшін достас Қытайға жол ашатынын және екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол екі елдің депутаттары өзара келісімдер мен уағдаластықтардың орындалу сапасын жүйелі түрде бақылай алатынын атап өтті.
Басқосуда сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.
– Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Өсу қарқыны көңіл қуантады. Бұған былтыр қараша айында енгізілген визасыз режим оң әсер еткені сөзсіз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үрімжі қаласында QazTrade сауда өкілдігі ашылады. Оның қызметі екі ел арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталады, – деді Ерлан Қошанов.
Тараптар Қазақстан аумағында электронды сауданы дамыту үшін бірлескен өңірлік қойма инфрақұрылымын құру идеясын да талқылады. Сондай-ақ көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ма Синьжуй Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір Шыңжаңның Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған тарихи деңгейге жетті. Жақын арада «Аягөз–Тачэн» үшінші теміржол шекара өткелінің құрылысы басталады. Теміржол Шыңжаң мен Қазақстанның шекаралас облыстарымен байланысын одан әрі кеңейтіп, Қытайдың Орталық Азияға алтын қақпасы ретіндегі рөлін нығайтады.
– Қазақстан реформаларды жүйелі түрде жүргізуде. Біз сіздер үшін қуаныштымыз. Президент Қ.Тоқаев бастаған реформалар өз жемісін береді деп сенеміз. 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасының өсуі қарапайым азаматтардың өміріне екі есе оң әсер етері сөзсіз. Бұл жерде Қытай мен Қазақстанның әлеуеті бір-бірін толықтыратыны маңызды. Біздің энергетика, ауыл шаруашылығы, гуманитарлық салада болашағымыз зор, – деді Ма Синьжуй.
Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Қытайдағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші Xinjiang Xinyan компаниясының қызметімен танысты.
Гүлім МҰҚАНАТТЕГІ