Елімізде құмар ойын ойнайтындар қатары көбейген. Осыдан екі жыл бұрын, 2022 жылы ресми статистика елімізде құмар ойынға тәуелді азаматтар саны 350 мыңнан асып кеткенін мәлімдеген. Өкінішке қарай, биыл ол көрсеткіштің өскені білінді.
15 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны «қауіпті кесел» деп атады. «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді», – деді Президент.
Расында да, еліміздегі ойын құмарлардың жасы жасарып келе-ді. Былтыр компьютерлік ойын-дарға көп уақытын жоғалтатын-дардың 50,1%-ы 14-18 жастағылар екені мәлім болған.
Аталған заң жобасына қатысты жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, құмаройынға тәуелділікпен күресу – қоғам үшін өзекті мәселе. Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Депутат заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылғанын айтты. Ендігі уақытта үйлерде, ғимараттарда, құрылыс-тардың қоршауларында, көліктер-де сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады. Одан бөлек, интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радио-да, мерзімді баспа басылымда-рында, кинода, мобильді опера-тор лардың SMS хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты.
Лудомания – латынның ludo сөзінен шыққан, яғни «ойнаймын» дегенді білдіреді. Әрине, баланың ойыны бір бөлек, бұл жердегі әңгіме ойынқұмарлық, ойынға тұтылу жайында. Ойынға тәуелділіктің бір сипаты – ақшаға ойнау. Құмар ойынға салынып, психологиялық ауытқуға ұшырауды ғылымда «gambling – тәуелділік» деп атайды. Қазақ мұндайда «ойының осылғыр» деп бірақ қайырған. Сол «ойыны осылғандар» соңғы жылдары қоғамда көбейіп кеткен.
Жаңа заңға сәйкес, алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған азаматтардың құмар ойындарды ойнауына тыйым салынады. Ол санаттағы тұлғаларға ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Талап күшейсе, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға да тоқтам болар деген үміт бар. Өйткені Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, тек 2023 жылдың өзінде және осы жылдың I тоқсанында 40-тан астам заңсыз онлайн ойын алаңдары таратылыпты. Сондай-ақ 5,7 мыңнан астам сайт пен аккаунттар бұғатталды. Депутаттар мыңдаған казино сайттары, рулетка, лотерея және т.б. компаниялардың қызметіне байланысты жыл сайын елден 1 трлн теңгеден астам қаражат шығарылатынын мәлімдеді. Сол себепті мәжілісмендер заң жобасының екінші оқылымына дейін бірқатар ұсыныстарды зерделеп, пысықтап алмақ.
Зерттеулер көрсеткендей, лудомания дертіне ұшырайтындардың дені халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары. Әдетте, байлар артық ақшасын салып, бойына сыймаған «буын» шығару үшін ойнаса, ойыннан ақша тауып, «несиемді жабамын», «қарызымнан құтыламын» деген сенімді сылтаурататындар да көп. Бір жағынан, бұған кредитке өмір сүріп жатқандардың қатары көбейгені де себеп дейді мамандар. Демек, «үлкендердің» ойынын ойнауға да «үлкен» ақыл, қалың қалта керек.
Бір есептен құмар ойын еліміздегі ойын бизнесін жүргізіп тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, букмекерлік кеңселер мен казинолар өз «клиенттеріне» 368,7 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Ал бес жыл ішіндегі қызмет көрсетудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асыпты.
Ойын бизнесі үлкен табыс көзі болғандықтан, ел бюджетіне әкелер түсімі де едәуір. 2022 жылғы қазан айындағы дерекке сүйенсек, саладан қазынаға түскен салық 94 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 20%-ға артық. Сондықтан осынша ақша әкеліп тұрған құрылымды түбегейлі жауып тастау да қисынсыз.
Әлемде лудоманияға қарсы екі жол бар. Біріншісі – рұқсат етілген арнайы аймақтардан басқа жерлерде ойын бизнесіне тегіс тыйым салу. Қытай мен Ресей және Араб елдері осындай жолды ұстанады. Екінші жол – тыйымсыз әрі реттеуші шаралар қолдана отырып, ойынға тәуелділіктің алдын алу. Яғни, лудоманияға қарсы психологиялық және психиатриялық көмекті дамыту. ЕО мемлекеттері, Латын Америкасы елдерінің көпшілігі осы жолмен жүреді. АҚШ әзірге екі стратегияны біріктіруге тырысуда.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Алёна Шевцова құмар ойындар индустриясын реттеу, алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың мүддесін қорғау үшін қатаң ережелер енгізу қажет деп санайды. «Әлем елдері лудоманияға қарсы күрес бойынша тәжірибе ретінде құмар ойындарды заңсыз жарнамалау үшін айыппұл мен бас бостандығынан айыру шарасын қолданады. Мәселен, Сингапурде оның мөлшері 20 000 доллар болса, Ұлыбританияда 2 500 фунт стерлингке дейін айыппұл қарастырады немесе 51 аптаға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұл – құмар ойындар индустриясының жағымсыз салдарымен күресудегі маңызды қадам», – дейді сарап-шы.
Бауыржан БАЗАР