Жаһандық тізім қазақ рухын жаңғыртады

Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ата-бабасының асыл құндылықтарын сақтап, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қоса білуімен ұлы, ұлық бола түседі.

Әрбір елдің төл құнды мирасын қаншалықты ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып келе жатқанын ЮНЕСКО өзінің мәдени мұралар тізімінде тіркейді. Қазақстан бұл тізімді беташар, салбурын, кестелеу өнері сияқты бабалар мұрасымен толтыруға талпыныс жасап жатыр. 

Тізімдердің ең ұлығы

Мына қызықты қараңыз! ЮНЕСКО-ның «Дүние­жү­зілік мұралар тізіміне» 193 мем­лекеттегі 1 200-ден астам объекті кіре­ді. Бұл тізімде бірінші орында Ита­лия тұр: 55 мұра нысаны бар. Оған Рим, Сиена, Неаполь тарихи орталықтары немесе Виченца, Ве­рона, Портовенере секілді тұтас қа­лалар, тіпті Этна жанартауы, До­ломит Альпі таулары сияқты та­би­ғи нысандар кірген. 

Ондықтан сондай-ақ Қытай (54), Германия (51), Франция (49), Ис­пания (49), Ұлыбритания (33), Үн­дістан (40), Мексика (35), Ре­сей (31) және Иран (27) тізімге мол мұра қосқызған елдердің қа­та­­рында. 

ЮНЕСКО-ның дәл осы мұ­ра­лар тізіміне Қазақстаннан әзір­ге тек 6 нысан қосылды: бұлар – Түр­­­­­кістандағы Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі (2003), Тамғалы (Таң­ба­лы) тас археологиялық кеше­нін­дегі петроглифтер (2004), елі­міз­дің солтүстігіндегі «Сарыарқа» да­­­ласы мен көлдері (2008), Ұлы Жібек жолының тармақтары және көне қалалар (2014), Батыс Тянь-Шань таулары мен қорықтары (2016) және Тұран шөлді-ойпатты жа­зығы (2023 жыл).

БҰҰ-ның білім беру, ғылым жә­не мәдениет мәселелері жө­нін­дегі осы ұйымының мұралар тізі­мі­не сарайлар, кесенелер мен храм­дар, қала орталықтары мен тұ­тас тарихи шаһарлар, табиғи ға­жайыптар, бақшалар, көне үң­гірлер, таулар және басқа да толып жат­қан, туристер үшін тартымды орындар кіреді. 

Ал енді ЮНЕСКО-ның «Ма­те­­­­риалдық емес мәдени мұралар ті­зімінің» (оны «Адамзаттың ауы­з­ша шедеврлері мен материалдық емес мәдени мұраларының тізімі» деп те атайды) рейтингінде мем­ле­кеттердің орны мүлдем басқа­ша. 

Мысалы, алдыңғы тізімнің көш­басшысы болған Италияның жаһандық мәдени мұралар тізі­мі­не небәрі 5 мұрасы енген. Алдың­ғы рейтингте ондыққа еркін еніп тұрған Ресейде бұл тізімде айтуға ұят екі ғана нысаны бар. Бұлар Бай­калдағы староверлардың мә­дени кеңістігі мен отбасылық ауыз­ша шығармашылығы және Са­қаның (якут) «Олонхо» батыр­лар жыры. 

Оған қарағанда Қазақстан сал­мақты. Қазақ елі тәуел­­­сіздіктің не­бәрі үш онжыл­ды­ғында ЮНЕСКО-ның мате­риал­дық емес мәдени мұралар тізі­міне 13 нысанын енгізе алды. Бұл жөнінен бүкіл Азияның, ТМД-ның көшбасшыларының бірі.

Осы тізімге Қазақстан атынан Нау­рыз (2009, өзге елдермен бір­ге); Киіз үй жасау және жинау дағ­дылары (2014); Күй өнері (2014); Айтыс (2015); Күрес (2016); Саятшылық, сұңқармен аң ау­лау (2016, араб, Еуропа, Корея, Моң­ғолия сияқты өзге елдермен бірге); Қатырма жұқа нан, жупка, юф­ка, лаваш жасау өнері (өзге­лер­­мен бірге, 2016); Қазақтың дәс­­түрлі ойыны: асық ату (2017); Ат­бегілердің көктемгі жорал­ғы­лары (2017); Қорқыт Ата мұрасы (2018); Дәстүрлі зияткерлік және ст­ратегиялық ойын: тоғыз­құма­лақ, тогуз коргоол, мангала/гёчюр­ме (өзге елдермен бірге, 2020); Ор­те­ке – Қазақстанның дәстүрлі орын­даушылық өнері: би, қуыр­шақ және музыка (2022 жыл); Қожанасырдың әзіл әңгімелері (өз­ге елдермен бірге, 2022 жыл).

Мәдениеттанушы Маржан Қал­маханқызы ЮНЕСКО-ның бар­лық тізіміндегі ең ұлығы да – осы материалдық емес мәдени мұ­ралар тізімі екенін айтады. 

– ЮНЕСКО-ның материал­дық емес мәдени мұраны қорғау жө­ніндегі үкіметаралық комитеті осы аттас конвенцияға қосылған бар­лық мемлекеттің ұсынған кан­дидатураларын бағалау үшін жыл сайын бірнеше рет жиын өткізеді. Қазақстанда кейінгі жылдары бұл бағытта жұмыс саябырсып қал­ған­ға ұқсайды. Мысалы, 2023 жыл­дың соңында, 4-9 желтоқ­сан­да Ботсванада ЮНЕСКО-ның үкі­метаралық кеңесінің сессиясы өтті. Комитет былтыр тізімге 72 ел ұсын­ған 55 жаңа элементті қосты. Осы­лайша, материалдық емес мұ­ра­лар саны 730-ға жетті. Ара­сына бірде-бір жаңа қазақстандық нысан кірмеді, – деді мәдениет­тану­шы.

Ұлттың «иммунитеті» тозбасын десек...

Сарапшының айтуынша, былтыр Түркия – зәйтүн өсі­ріп жинауды, Тәжікстан – ат­лас пен адрас маталарын дайындау дағ­­дысын, Түрікменстан – ақал­те­ке тұлпарларын безендіру, көр­кем­­деу дәстүрін, Армения – Гюм­ри­­дегі дәстүрлі ұсталар ісін, Әзер­­­байжан, Түркия, Тәжікстан мен Өзбекстан қолжазбалар мен кал­лиграфиялық мәтіндерде ер­теден қолданылатын «Иллю­ми­на­ция» декоративті өнерін, Әзер­бай­жан мен Түркия «балабан» сы­бызғысын дайындау дәстүрін адам­заттың мәдени мұрасына ен­гізе алды.

«Мысалы, соның ішінде 2023 жы­лы Өзбекстан – қыштан түрлі бұйым жасау дәстүрін, Әзер­бай­жан, Түркия мен Өзбекстан – Ра­ма­зан айында мұсылмандардың ауыз бекіту, ауыз ашу, ифтар жа­сауын, Қырғызстан – жалғыз өзі «элечек» (бізше кимешек) әйел­дер­дің баскиімін орау салтын ЮНЕСКО тізіміне кіргізді. Бұ­лар­дың бәріне Қазақстан қосыла ала­тын еді, бізде де бар ғой. Бұл жауапты тұлғалардың алыс шетел түгіл іргедегі елдермен осы салада ты­ғыз ынтымақтаспайтынын көр­сетеді. Бұл ретте Әзербайжан­ды үлгі етуге болады. Ол жыл сайын дерлік өз нысанын қосады, осы мақсатта өзге елдермен тізе қоса қимылдайды. Әзер­бай­жан­ның тізімдегі мұраларының саны отызға жуықтады. Сөйтіп, әлемдік он­дыққа кірді», – деді Маржан Қал­маханқызы.

Сарапшылардың айтуын­ша, қазақта адамзаттың ма­териалдық емес мәдени мұра­сы­на енгізе алатын кандидаттары жоқ емес, көп! Тек ілгерілету жағы кем­шін көрінеді. Оған мәде­ниет­танушылар қазақтың түрлі әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін, ұлттық тәлім-тәрбие тәсілдерін, қаптаған той жоралғыларын, теміршілік-ұс­талық, садақшылық, құдық ше­гендеуші, құсбегілік, аңшы­лық, ұлттық дағдылар, ән, жыр, дас­тан, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жа­рапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлт­тық мейрамдар дәстүрлерін нақ­ты тізімдеп берген. 

Соның ішінен іріктелгенінің өзі жүзге жуық элемент. Онда олар неге әлемдік тізімнен табылмай тұр? Ол тізімге кіру әлем алдын­да­ғы бедел ғана емес, ұлттық мә­де­ни мұраны сақтап қалудың пәр­менді тетігі. Өйткені өз тізі­мі­не кірген материалдық емес мә­де­ни мұралардың жойылып кетпеуін ЮНЕСКО-ның өзі қадағалап, қажет болса, оны дамытуға қара­жат бөледі екен.

Мысалы, бұл ұйымның әл­гін­де аталған үкіметаралық комитеті 2023 жылғы желтоқсандағы сес­сия­сында осындай көмегі ретінде Зим­бабвеге 321 300 доллар, Па­раг­вайға 74 500 доллар грант бөл­ді. Материалдық емес мәдени мұ­­­раны қорғау туралы конвенция құ­рылғалы, ЮНЕСКО әлемде 140-тан астам жобаны қаржыл­ан­дырып, 70-тен аса елге 12 миллион доллардан аса қайтарымсыз грант берген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Та­мыры терең төл шежіреміз – хал­қы­мыздың мәдени коды. Оны жан-жақты зерттеп, сақтап, ой елегінен өткізуге, дәріптеуге қа­жет­ті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі мінде­ті­нің бірі», – деп міндет қойды. Үкімет осы міндеттің үдесінен қан­­­­шалықты шығып отыр? 

Жаһандық тізімге ата-баба мұ­расын енгізу бағытында бел­сен­ділік таныту керегін биыл «AMANAT» партиясының парла­мент­тік фракциясының депутат­тары айтып, Үкіметке қозғау са­л­ған болатын. 

– Материалдық емес құн­ды­лық­­тар – ұлттың иммуни­те­ті! Көз­бен көруге, қолмен ұстауға кел­мейтін, бірақ жаныңмен сезі­нетін осы құндылықтар болмаса, ұлттың жаны жалаңаштанады. Құн­дылықтан айырылған ұрпақ ру­ха­ни азып, ұлттық сана әлсі­рей­ді. Біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзі­луі, отбасылық құндылық­тар­дың әлсіреуі аспаннан түскен жоқ! Сол материалдық емес ру­ха­ни мұралардан тамыр үзген ұр­пақ­тың бойындағы кеселдер, – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан.

Жаһандық тізім қандай мұрамен толығады?

Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуір­дегі №408 Қаулысы­мен Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жө­ніндегі тұжырымдама қабыл­да­ған-тын. Алайда депутаттардың мә­ліметінше, бұл Тұжырымдама қа­былданған күйі қағаз жүзінде қал­ды. Материалдық емес мәдени мұ­раны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақ­тау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлға­лар­ды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ. 

Ж.Әшімжановтың айтуынша, алысқа бармай-ақ көрші қыр­ғыз­дар адамзаттың мәдени мұрасына әр­бір эпосын жеке-жеке кіргізе алып жатыр. Шағын ғана Қырғыз Рес­публикасы «Манас» туралы же­ке заң қабылдады. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра­сы­ның репрезентативтік тізбесіне қыр­ғыздың мәдени мұрасының 3 тең­дессіз туындысы бөлек-бөлек ен­гізілді.

– Бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес ру­хани мұраны сақтаушыларды ті­зімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мем­лекеттік саясат ретінде ешқа­шан республика түгіл, өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше із­де­ніп, жаяу-жалпылы экспедиция жа­сап жүрген санаулы ғана жан­кештілер бар. 2003 жылғы Париж кон­венциясына сәйкес, Қазақстан ЮНЕСКО-ға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау, зерттеу туралы бес жыл сайын есеп беруге мін­детті. Жасалмаған жұмыс­тар­дың есебі қалай жасалып жатқаны беймәлім, – деді Мәжіліс депу­та­ты.

Үкіметте мәдениет сала­сы­на жауап беретін тұлға – ви­це-премьер Тамара Дүйсе­но­ва­ның сендіруінше, бұл бағытта жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Ол Үкі­мет қаулысымен 2013 жылы Ма­те­риалдық емес мәдени мұраның Ұлт­тық тізімі бекітілгенін еске сал­ды. 

2023 жылы оған толықтырулар ен­гізілді. Тарата айтқанда, 2013 жыл­ғы ұлттық тізімге беташар, ай­тыс, батырлар жыры сияқты не­бары 45 элемент енгізілсе, арада он жыл өткенде, 2023 жылғы 14 жел­тоқсанда ол 88 ұлттық эле­мент­пен толықтырылды.

Ұлттық тізбеге енгізілетін эле­ментті айқындаумен бүгінде Мә­дениет және ақпарат министр­лі­гінің жанынан арнайы құрылған Мәдениет саласындағы тұрақты жұ­мыс істейтін комиссия айна­лы­сады. Сондай-ақ 2023 жылғы 29 маусымда Ұлттық тізбені жүргізу секциясы құрылды.

– Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның Мәдени мұрасының реп­ре­зен­тативті тізіміне Қазақстан аты­нан материалдық емес мәдени мұ­раның 13 элементі енгізілген. Мұның сыртында оған қосу үшін қа­зақ мәдениетіне қатысты 2 эле­ментті – беташар мен салбурынды ЮНЕСКО-ның бағалау комитеті қарастырып жатыр. Олар Материалдық емес мәдени мұра конвенциясының үкіметаралық комитетінің 2024-2025 жылдарға арналған жоспарына енгізіледі. Со­нымен қатар 2024-2025 жыл­дары үйлестірушісі Өзбекстан бо­лып табылатын «сюзанна-кес­телеу өнері» бойынша көпұлтты но­минацияға Қазақстанның да қо­сылуы жоспарланып отыр, – деп хабарлады Тамара Дүйсенова. 

Үкімет басшысы орын­ба­са­ры­ның мәлімдеуінше, Қазақстан кон­венцияға қатысушы мемлекет ре­тінде 2024 жылы ЮНЕСКО-ның аталған үкіметаралық ко­ми­тетіне мерзімді есеп беруі тиіс. Бұл есеп биылғы 15 маусым – 15 жел­тоқсан аралығынан кешік­тіріл­мей жіберілуі керек. Мерзімді есеп­ті дайындау үшін ведомствоа­ра­лық комиссия құрылды. 

Ол есепте мемлекет Репре­зен­тативті тізімге енгізілген ұлттық элементтерді кеңінен насихаттау және пайдалану бойынша не іс­тегенін баяндауы қажет. Бұл ба­ғытта не істелгенін, өңірлерде қандай жұмыстар жүргізіліп жат­қа­нын анықтау үшін Үкімет сарап­тамалық топ құрыпты. 

Қалай болғанда, аталған жұ­мыстар жан-жақты болғаны және те­геурінді қарқын алғаны маңыз­ды. Соның арқасында байырғы заман­дардан бері ұлтымыздың өмір тіршілігі, көңіл күйі, салт-са­на­сы, өндірісі мен тұрмысы, мі­нез-құлық өлшемі туралы мағ­лұ­мат­тар беретін қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұра­лары сақталып, жаһанға танылып, дәріптеледі, қазақтың рухы да жаңғырады.

Айхан ШӘРІП