4 күн бұрын Көксу ауданында жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
23 сәуірде Көксу ауданының полиция бөліміне ұлының жоғалғаны туралы арызбен Еңбекшіқазақ ауылының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, 29 жастағы жігіт мал жаюға шығып, оралмаған. Жоғалған адамды іздеуге аудандық полицияның барлық жеке құрамы, жергілікті тұрғындар мен еріктілер бағытталды.
«Сол күні жоғалған жігіттің жылқысы Ескелді ауданының Жаңалық ауылында табылды. Көрші ауылдарды Көксу өзені бөліп тұрғаны ескеріліп, іздеуге облыс құтқарушылары қосылды. 27 сәуірде іздеу іс-шараларының барысында жоғалған адамның зорлық-зомбылық белгілерінсіз мәйіті Көксу өзенінің түбінде табылды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды», – деді ПД бастығының орынбасары Елдар Абдикенов.
Өңір полициясы ауыл тұрғындарына мүмкіндігінше сақ және сергек болуды сұрайды.
«Су тасқыны кезеңінде су объектілеріндегі су көлемінің ұлғаюы байқалатынын және ондағы ағынның жылдамдығы қатты болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жергілікті тұрғындар мен еріктілерге құқық қорғау органдарына зор көмек көрсеткені үшін алғыс айтамыз», – делінген хабарламада.