Су тасқыны: Ақтөбеде зардап шеккендерден өтініш қабылдау мерзімі бүгін аяқталады

Ақтөбе қаласы бойынша Алматы және Астана ауданы әкімдіктері өтініш қабылдау жұмысын жүргізуде.

Ақтөбе қаласында тасқын судан зардап шеккендерден материалдық шығын бойынша өтініш қабылдау мерзімі бүгін аяқталады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе қаласы бойынша Алматы және Астана ауданы әкімдіктері өтініш қабылдау жұмысын жүргізуде.

– Ақтөбе қаласы бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтардан материалдық шығынды өтеу бойынша өтініштерді қабылдаудың соңғы күні екенін еске саламыз. Өтініштерді комиссия Ақтөбе қаласы бойынша Алматы ауданы Қарғалы тұрғын алабы, 60 лет Октября көшесі 70 Б мекенжайында, Астана ауданы Сәңкібай батыр даңғылы 145 Б мекенжайында қабылдайды. Аталған өтініш берілген соң арнайы комиссия барып тексеріп, техникалық сараптама, бағалау қорытындысын негізге ала отырып, заңнама аясында зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленеді, – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алматы ауданы бойынша 3 300-ден астам өтініш түсті. Қазір 35 үй апатты деп танылды. Барлығы 100-ден астам үй иесі материалдық шығынды алып үлгерген. Ал Астана ауданы бойынша 108 өтініш түсіп, 39 өтініш бойынша материалдық шығын өтелді.