Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Сеа Киань Пэн мырзаның бұл сапары Қазақстан–Сингапур қатынастарын жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге зор серпін беріп, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
– Биыл Қазақстан мен Сингапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде сенім мен сыйластыққа негізделген екіжақты ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың бұрынғы басшысы Халима Якобтың былтырғы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезіндегі кездесуі септігін тигізді. Парламентарийлер ретінде біздің міндетіміз – көшбасшыларымыз қол жеткізген барлық келісімдерді жүзеге асыру үшін жағдай жасау, – деді Мәжіліс Спикері.
Ерлан Қошанов әріптесіне Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен болып жатқан өзгерістер туралы айтып берді. Осы орайда Сингапур мен Қазақстанның ішкі саяси бағытының ұқсастығына назар аударды. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа алатын «әртүрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт» қағидатының мызғымастығына мән берді.
Сингапур Парламентінің спикері екі ел ынтымақтастығын дамытудағы болашағы зор салалардың қатарында экономика, білім беру мен денсаулық сақтауды атап өтті. Сеа Киань Пэн Сингапурдың даму жылдарында жиған құнды тәжірибелерімен Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын жоғары бағалады.
– Бұл стратегия Әділетті Қазақстан, прогрессивті мемлекет құруға және халықтың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Түрлі өзгерістерге, инновацияларға бейімделу, реформалар қабылдау – дамыған ұлттың өзегі. Бірақ одан да маңыздысы – халықтың жауапкершілігі мен жасампаздығы. Осы құндылықтар әлеуметтік әділдікті қалыптастырудың негізінде жатыр, – деді Сеа Киань Пэн.
Кездесу соңында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты, соның ішінде достық топтары арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға келісті.