Партия Байзақ аудандық филиалының мәжіліс залында өткен кеңестің күн тәртібінде әлеуметтік нысандардың ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделуі және «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Аталған ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуге тиіс нысандардың бүгінгі күнге дейін жасалған жұмыстары өте сылбыр жүргізілуде. Мекемелердің басым көпшілігі сол баяғы төбешік пандустармен тұр. Ерекше жандарға ғимараттың қолжетімділігі тек пандуспен шектелмейтіндігін ескеру керек. Нысанның сыртындағы автотұрақтан бастап, тактильді жолақтар, баспалдақтардың биіктігі мен сары түске боялуы, ішкі дәретхана, брайль тақтасы, көзі нашар көретін адамдарға арналған сызбалар, және тағы басқа қажеттіліктер болуы керек.
Елді мекендердің басым көпшілігінде ауылдық әкімшілік, амбулатория, пошта және клуб, сондай-ақ аудандық пошта ғимараттарын да ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кіріп-шығуына жағдай жасалмаған. Пандустар мен баспалдақтардың стандарттық нормалары сақталмаған.
Сондай-ақ көзі нашар көретін азаматтарға ыңғайлап, баспалдақтардың ернеуі сары жолақпен боялуы қажет. Сонымен қатар тактильді жолақтар да талапқа сай емес, кейбір ғимараттардың ішінде мүлдем жоқ. Арбаның кіріп-шығуына кедергі болмауы үшін есіктің табалдырығы 5 сантиметрден аспауы керек. Бұл жерде де стандарттар сақталмаған.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Б.Сағынбеков және «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының Шаруашылық бөлімінің басшысы Ж.Жамаш есеп берді.
Жауапты азаматтарға олқылықтардың орнын толтырып, ғимараттарды талапқа сай жабдықтау бойынша ұсыныстар берілді.