Салық та диқанға қолбайлау болды

Шымкентте көптеген шаруа қожалығы жер салығының өсуіне бай­­­­ланысты көктемгі дала жұмыстарына кірісе алмай отыр.

Олар жер салығына миллиардтаған теңге қарыз болған. Қарыз сал­дары­нан олардың есепшоттары бұғатталып, мемлекет тарапынан бері­ле­тін субсидиядан да қағылған. 

Айта кетейік, Шымкент қаласы 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаны белгілі. Бұдан бұрын шаруалар 1 гектар үшін небәрі 90-190 тең­генің арасында салық төлеп келген болса, мегаполис атанғаннан соң мемле­кет­ке кіріс есебінде мың есе артық ақша ау­даруына тура келген. Яғни, қазір 1 гек­тарға 91 мың 700 теңге салық аударуға тиіс. Бүгінде мыңдаған шаруа қожалы­ғы­ның небәрі бесеуі ғана арзан бағадағы жа­нар-жағар майды, тағы оншақтысы ми­нералды тыңайтқыш үшін берілетін суб­сидия қаржыны алу мүмкіндігіне ие. Қал­ғандары барлық жеңілдіктен қағы­лып, қарызға белшесінен батқан. 

Осындай қиындықтарға байланысты биыл шаһарда егістік аумағы 500 гектарға кеміп, бар-жоғы 26 мың 500 гектар жер иге­рілмек.  Енді олар жеңілдетілген баға­мен не субсидия, не жанар-жағармай ала ал­майды. Фискалдық органдар алдын­дағы қарыздар бір күнде миллиардтаған қаржыға дейін өскен.

«Біз дизельдік отын немесе тыңайт­қыш сатып ала алмаймыз. Қазір техника са­тып алу үшін мемлекет оның  35 пайы­зын субсидиялайды. Өкінішке қарай, есеп­шотымыз бұғаттаулы болған соң  ала ал­маймыз.  Ашығын айтқанда, бұл жерді ие­лене алмай отырмыз. Біз тіпті Үкімет ак­тілерін ресімдегіміз де келмейді. Өйт­ке­ні мұндай салықты көтере алмаймыз», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Ма­насбай Бекбауов. 

Жергілікті билік салық сомасын екі есе азайту туралы ұсыныспен мәслихатқа жүгінді. Бірақ шаруалардың айтуынша, мұндай шараның өзі олардың мәселесін шеше алмайды.

«Тіпті, салықты екі есе азайтқанның өзінде мұндай төлемдер шаруалар үшін қол­жетімсіз. Сондықтан Үкіметке хат жаз­дық. Қала әкіміне мән-жайды түсін­дірдік. Күзге дейін бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз», – дейді қалалық ауыл шаруа­шылығы және ветеринария бөлі­мі­нің бөлім басшысы Жәнібек Тоғай.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы