Жол жөнделсе, туризм түлейді

Батыс өңірі жол сапасы жағынан соңғы орындарда екені аз ай­ты­лып жүрген жоқ. Әсіресе, шалғай аудандарға баратын жолдардың са­пасы сын көтермейді.

Сондықтан да соңғы жылдары БҚО бойынша жол құрылысына қатты көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде об­лыста 577 шақырым жол жөнделеді. Ол үшін бюджеттен 112,9 млрд теңге қаржы бөлінген. 

Батыс Қазақстан облысының Жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Бауыржан Айт­мағамбетовтің сөзінше, ең қуан­тар­лық жаңалық – биыл «Қазталов – Жә­ні­бек – РФ шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайхын» автожолдарында жөндеу жұ­­­­мыстары аяқталатыны.

Бұл жол ең көп сыналған жол-тұғын. Себебі Жәнібек, Орда аудандары – об­лыстың ең шалғай аудандары. Осы аудан­дардың халқы жол азабын әбден тартты. Айтпақшы, БҚО-ға келетін әр әкім осы Орда мен Жәнібекке жол салып беремін деп уәде береді. Бұл бір жағынан әкімдердің халық алдында абырой жинауына жақсы себеп болғандай. Жол азабын әбден тартқан қара халық «Сен­дерге биыл тақтайдай тегіс жол салып бере­мін» деген сөзді айтқан әкімді көкке кө­теруге бар. Бұл құр сөз емес. Бұрнағы жыл­дары облысты басқарған Алтай Көл­гінов 2020 жылы Орда мен Жәнібекке жол баратынын, халық енді жол азабын тарт­пайтынын айтып қалды. Халықтың қуанғанын көрсеңіздер. Бір-бірінен сүйін­ші сұрап, ел біткеннің бәрі Көлгі­нов­ті көкке көтерді. Бірақ қазір 2024 жыл­дың төрт айы бітті. Ал Орда мен Жә­ні­бектің жолы әлі біткен жоқ. Әлі са­лын­баған 23 шақырымы бар екен.

Жәнібек пен Орда аудандарында 30 мыңға жуық халық бар. Ресеймен шека­ра­дағы стратегиялық аймақ. Оның үс­тіне, қос ауданмен шектесетін Астрахан жә­не Волгоград облыстарында 200 мың­нан астам қазақ тұрады, олар атажұрттағы бауырларымен тарихи, туыстық байла­ныс­тарының үзілмеуіне мүдделі-ақ.

Екі ауданның туристік тұрғыдан да әлеуеті жоғары. Мәселен, Жәнібек Ста­линград майданының жақын тылы ре­тінде туриске қызықты. Соғыс жылдары мұн­да эвакогоспиталь орналасты, жау ұшақтарының бомбасынан жарылып кет­кен эшелонда болған Гатчинск ди­визиясының сарбаздары жерленген бауырластар зираты, қабырғасын снаряд шұрқ тескен су мұнарасы, басқа да тари­хи орындар жетерлік. Бөкей ордасы, аты айтып тұрғандай, қазақтың соңғы хан­дары Бөкей мен Жәңгірдің атақонысы. Қазақ даласында алғашқылардың қата­рында қазынашылық үйі, мектеп пен дәріхана салынған, сусымалы құмға сұлу қарағай орманы отырғызылған, ағар­тушы Шәңгерей Бөкеевтің басшылы­ғы­мен тұңғыш фотостудия ашылған тарихи мекен. Күні бүгін ол үлкен мұражайға ай­нал­ған. Осындай туристік тартымды­лық жол жоғынан көзге түспей жатыр. 

Облыста жолға бөлінетін қаржы мол. Бұл салада жемқорлық та қылаң беретіні бар. Ең өкініштісі – жолдың сапасын тек­серіп, халыққа дұрыс жол салынуын қадағалауы тиіс мекеме басшысының пара алу үстінде ұсталғаны. 2023 жылдың 30 қарашасында Орал қаласы маман­дан­дырылған тергеу сотының шеші­мі­мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының директоры Зауырбек Қыпшақбаев қамауға алынды. Ол жол салған мердігер компания бас­шы­сынан пара алған деген күдікпен ұс­талған еді. Кейін қылмысы сотта дә­лел­­денді. Сот үкімінде айтылғандай, Заурбек Қыпшақ­баев салынған жолды экс­пертизадан өткізіп, жақсы деген қо­рытынды беру үшін мердігер компания басшысынан 32 млн теңге пара алған. Сот шешімімен Қыпшақбаев 10 жылға сот­талды. 

Облыста қазір жол құрылысы маусы­мы басталды. Биыл былтырдан қалған жобалар да аяқталады деп жоспарланып отыр. 

– Биыл «Подстепное – Федоровка» жо­лын қайта жаңғырту жұмысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Осы жолдың 36-72 ша­қырым және 72-108 шақырым  учас­ке­лерін қаржыландыру «КПО Б.В» ком­паниясының қаражаты есебінен әлеу­меттік және инфрақұрылымдық жоба­ларды іске асыру шеңберінде 2024-2025 атқарылатын болады. Сондай-ақ «Хан Ордасы ауылына кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарын биыл іске асыру жоспарланған. Жоба құны – 1,95 млрд теңге. Қазір мердігерді анықтау бойынша рәсімдер жүргізілуде, – деп атап өтті басқарма басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.

Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар жол­дарды жөндеуге бюджеттен 19,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаржыға облыстық маңызы бар 91 ша­қырым жол жөнделеді деп күтіліп отыр. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы