Танымал әнші Қайрат Нұртас тағы бір бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өнерпазға концерт кезінде бейәдеп сөз айтқанымен қоса, көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай жүргізгені үшін де айыппұл салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Telegram желісіндегі EGOV.PRESS арнасында Қайрат Нұртас пен тағы бір қазақстандық әнші HIRO-ның видеосы жарияланды. Бейнежазбада әртістер музыканың дауысын қатты қойып, көлікте келе жатқанын көруге болады. Бұл жағдай бойынша Қайрат Нұртасқа көлікте қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл салынды.
"Құқықбұзушыға қатысты шаралар қолданылды. Көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай жүргізгені үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ӘҚБК-нің 593-бабы 2-бөлігі)", – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері nur.kz тілшісіне.
Естеріңізде болса, заң бойынша қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК, яғни 18 460 теңге айыппұл салынған.