Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданы Быково ауылында ер адамға қасқыр шапқан. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілішісіне тұрғындар айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қасқыр Максим есімді жігітке тап берген. Оқиғаның қалай болғанын Максимнің туысы, қасқыр шапқанда қасында болған Ирина Вахрушева айтып берді.
"28 сәуір күні сағат кешкі сағат 18:00 шамасында болды. Максимнің үйі мен менің үйім бір аулада орналасқан. Қасқыр Максимнің үйін торуылдап жүргенде, ол көріп қалады. Қасқыр аяғынан тістеп үлгереді, ол үйге жалма-жан қашып кіреді. Есікті жапқанда қасқырдың басы қысылып, Максим аман қалады", – дейді Ирина Вахрушева.
Түз тағысы үй торуылдағанын қоймаған. Максимді қоя беріп, Иринаның үйіне кіріп кеткен.
"Максиммен далада жүр едік, қызымның жан дауысы шықты. Терезені ашып, бізді көмекке шақырды. Қызым далаға шығайын деп есікті ашса, қасқыр ауыз бөлмеге кіріп алыпты. Қарасақ қасқыр үйді айналсоқтап жүр, біз улап-шулап қорқыттық, бірақ ол итімізді өлтіріп кетті", – дейді тұрғын.
Иринаның айтуынша, аулада қасқыр көру тұрғындар үшін таң емес. Әсіресе, күз, қыс айларында ит-құс ауылды аралап кетеді дейді.
Зырян ауданы әкімдігінің айтуынша, адамға шапқан қасқыр құтырған ба, жоқ па тексеріліп жатыр.
"Адамға шапқан қасқыр тез арада табылып, өлтірілді. Бұл құтырған қасқыр ма, жоқ па тексеріліп жатыр. 26 ірі қара мал, 35 ұсақ мал, 15 жылқы, тіпті екі ит пен 4 мысық, яғни үй жануарларының денесінде қасқыр тісінің ізі бар ма, жоқ па тексерілді, ешқайсысы жарақат алмаған. Ал қасқыр талаған малға вакцина салынып, қазіргі күні бақылауда. Сондай-ақ түз тағысы жаралаған үш ит өлтірілді", – дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздік шаралары күшейтілген.