Щучинск қаласында жылу құбыры траншеясынан әйел мәйіті табылды 

Аталған факт бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Щучинск қаласында жылу құбырлары салынатын траншея шұңқырына құлап кеткен әйел қаза болды. Деректерге сәйкес бес бірдей бала жетім қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Суыт оқиға туралы қаралы хабар Бурабай аудандық полиция бөліміне 1 мамыр күні таңғы сағат 6:45-те түсіпті. Ломоносов-Толкунов көшелерінің қиылысында жылу құбырларын салу үшін қазылған траншеяда әйел адамның мәйіті табылған. 

 «Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары оның 43 жастағы жергілікті тұрғын екенін анықтады. Аталған факт бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Барлық сараптамалар тағайындалып, одан кейін тиісті шаралар қабылданатын болады», – деді Ақмола облысы Полиция департаметінің баспасөз қызметінен. 

Құбыр салыну үшін қазылып жатқан учаскеде «Алматыинжстрой» АҚ  жылу құбырларын тарту жұмыстарын жүргізетіні, ал тапсырыс беруші Бурабай аудандық құрылыс бөлімі екені мәлім болды. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы