«AMANAT»: Балаларға арналған инклюзивті жарыс өтті

«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының басшысы Нұргүл Үлжекова мұндай фестивальдер ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеуге және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Астанада «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шара «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылды. Жарысқа 150-ге жуық оқушы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 50-ге тарта бала қатысты.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, бала құқықтарын қорғау шаралары, сондай-ақ өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жобасындағы басым бағыттардың бірі болып саналады. 

Мәселен, қазіргі уақытта республика бойынша мектептерде 1 389 инклюзия кабинеті және партияның көмегімен ашылған 324 бейімдеу спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар жыл басынан бері «AMANAT» партиясы мүгедектігі бар 630 азаматқа тұрақты жұмыс табуға көмектесті. 

«Инклюзия – қоғам қабылдауға тиіс өмір шындығы. Балабақша қабырғасынан бастап балаларды ерекше қажеттілігі бар адамдарға құрметпен қарауға тәрбиелеу керек. Бұған дұрыс ақпарат беру, ашық сабақтар мен спорттық іс-шаралар өткізу арқылы қол жеткізе аламыз. Жалпы, спорт – бұл тәуелсіз тұлға тәрбиелеудің және алға қойған арман-мақсатқа ұмтылуға ынталандырудың ең тиімді әдісі», – деді ол.

Фестиваль барысында жас спортшылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета секілді спорт түрлері бойынша сынға түсті. Ал 6-сынып оқушысы Санжар Серік жаңа дос тапты.

«Мен спортпен шұғылдануға, таза ауада көбірек жүруге тырысамын. Бүгін алғаш рет бочча ойнадым. Маған өте ұнады. Енді бұл ойынды жиі ойнап тұрамын деген ойдамын», – деді ол.

Сондай-ақ іс-шараға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева, «АMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева және тағы басқалар қатысты.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясы атқаратын жұмыстағы тұрақты басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр медициналық мекемелердің электронды  құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу процесі заңнамалық түрде бекітілді; 5 мыңға жуық әлеуметтік нысан бейімделді; дамуында кемістігі және оның туындау қаупі бар жас балалар үшін 8 ерте араласу орталығы ашылды; сондай-ақ мектептерде инклюзияны қолдаудың 63 кабинеті ашылды. Бұған қоса, биыл 1 қаңтардан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы мөлшері 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы мөлшері 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды.