Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр.

Бір айдан астам уақытқа жоспарлан­ған акция «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жа­сыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөл­дір Бұлақ» секілді апталықтар аясында азаматтар қала көшелері мен  аулаларды, ауылдарды қоқыстан тазартып, абат­тан­дыру және көшет отырғызу жұмыстарына жұдырықтай жұмылды.

Ал Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» тақы­рыбында ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Экоакция аясындағы «Өне­гелі ұрпақ» аталған апталыққа қатысқан қалалық мәслихат депутаттары Бай­қоңыр ауданының өмірлік жағдайы қиын балаларды қолдау орталығының аумағында санитарлық тазарту жұмыс­тарын жүргізді. VII және VIII сайланған мәслихат депутаты Динара Оразалина бірнеше жыл бойы Орталықтың барлық іс-шарасына қатысып, балаларды қуан­туға үнемі атсалысып жүргенін айтты.

«Біз сенбіліктерге ғана емес, жаңа жыл және басқа да мерекелердің барлы­ғына қатысамыз. Маған балаларға келу, оларға көмектесу ұнайды. Балалардың бәрі жақсы күтімді және көңілді, өйткені оларға орталық қызметкерлерінің қолдауы зор. Демалыс күндері оларды тамақ пісіруге үйретеді. Мамандығым дәрігер. Өзім үш баланың анасымын, бірақ мұнда қайта-қайта келуден шар­шамаймын. Өйткені балалардың қуа­ныш­ты жүздерін көру мен үшін ғанибет», – дейді депутат. 

Орталық директорының міндетін атқарушы Аягөз Нәбиеваның айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына негізінен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар түседі. Зорлық-зомбылық көрген балалар және девиантты мінез-құлқы бар балалар да келеді. 

«Бүгінде орталықта 70 адам тіркелген, оның 44-і тұрақты және 36-сы уақытша тұратындар. Мұнда ата-ана құқығынан айырылған отбасының балалар және заңды өкілдері жоқ адамдар тұрады. Бүгінгі сенбілікке біз қонақтарды – қалалық мәслихат өкілдерін шақырдық. Өйткені олардың балаларымызбен бірге жасыл желектерді (қияр мен қызанақ көшеттерін) отырғызуға және аумағы­мызды жинауға қатысқанын қалаймыз. Қалалық мәслихатпен бірлескен жұмыс тұрақты негізде жүріліп жатқанын атап өткім келеді», – деді Аягөз Нәбиева.

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық ак­ция­сының «Өнегелі ұрпақ» апталығына елордалық Денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты №2 және №5 мамандандырылған олимпиадалық ре­зервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Олимпиадалық резерв дайын­дау орталығының қызметкерлері де қатысты.

«Өнегелі ұрпақ» экологиялық апта­лығы ардагерлер мен қарттар үйлерінің аулаларын, аумақтарын та­залауға және абаттандыруға арналған­дықтан, мекеме қызметкерлері мен бірқатар спортшы ардагерлердің ауласын тазалап, шөптерін орып, ауланың қоқыстарын шығарды. Сонымен қатар қалалық Спорт басқар­масына бағы­нысты мекемелердің қыз­меткерлері ерікті түрде қиын өмірлік жағ­дайдағы балаларды қолдау орталы­ғының аумағын, қала тұрғыны бірінші топтағы мүгедектігі бар Берен Өтебаев­аның ауласын, Пригородный тұрғын алабында орналасқан зейнеткердің бақ­шасын, бірнеше көпбалалы отбасының аула­ларын қоқыстан тазарту мен абат­тандыру жұмыстарына көмек көрсетті. Апталық аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, кө­шелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүріліп жатыр.

Аталған апталыққа Астана қаласы­ның Денешынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Василий Левит және елімізге танымал кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Да­нияр Елеусінов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді сынды танымал спортшылар да күрек-қайла ұстап, қала­ны абаттандыруға атсалысты. 

Олар қала маңындағы «Светоч» бала­лар үйінің жанындағы орта мектепте сен­білік ұйымдастырды. Алдымен аула ішіндегі қоқыстарды тазалап, есік алдын сыпырып, өсіп кеткен шөптерді шауып, гүлдердің түбін қопсытты.

– «Таза Қазақстан» ауқымды эко­ло­гиялық акцияның 4-аптасы «Өнегелі ұр­пақ» ұранымен өтуде. Елорда бойынша белсенді қала тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйлерінің аулаларын тазалап, абаттандыруда. Айтулы эко­логиялық акцияға біз де өз үлесімізді қо­суға тырысып жатырмыз. Әріптес­теріммен ақылдаса келе Астана маңында орналасқан «Светоч» балалар үйіне кел­дік. Бұл балалар үйінде қазір 19 бала тәр­биеленіп жатыр, – деді Астана қала­сының Денешынықтыру және спорт бас­қар­масының басшысы Василий Левит. 

Атап айтар болсақ, «Светоч» балалар үйі жанындағы орта мектеп өз жұмысын 1999 жылы қарашада Лилия Вениаминова Соловьеваның үш бөлмелі пәтерінде бастаған болатын. Бүгінде балалар үйі­нің тәрбиеленушілері аудандық Олим­пиадаларға, конкурстар мен жа­рыс­тарға белсенді қатысып, құрметті орындарға ие болып жүр.

«Менің ойымша, бұл науқан жа­қыныңа көмектесу мен оларды қолдау­дың тамаша үлгісі. Біз қарияларға, қиын жағдайға тап болған балаларға көмектесу, мереке ұйымдастыру олар үшін ғана емес, өзіміз үшін де маңызды. Мұндай іс-шаралар адамдарды жақындастырады, жүрегімізге жылулық ұя салады. Біз осындай азғантай ғана жұмысымыз арқылы олардың көңілін көтердік деген үміттеміз. Балалардың көзіндегі қуаныш біз үшін ең жақсы алғыс болды», – дейді Рио Олимпиадасының чемпионы Да­нияр Елеусінов.

Астана тұрғындарын түгелге дерлік қамтыған экологиялық акцияға отан­дастарымыздан бөлек, әлемнің атақты спорт жұлдыздары, аты аңызға айналған футболшылар Коло Туре мен Фадига Халилу да қатысты. 

Елімізге футболдан жас өрендерді іріктеу мақсатында Super bol жобасына арнайы келген Коло Туре мен Фадига Халилу елордадағы Қазақстан футбол федерациясы аумағына көшет отыр­ғызды. 

«Қазақстанға футбол жобасына ар­найы қонақ ретінде бірінші рет келдім. Тек жасыл алаңда ғана емес, қаланың экологиясын сақтау мақсатында ұйым­дастырылған акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұған дейін де көптеген қалада болдым. Ал Астананың өзіндік әдемілігі бар. Тазалығы жолға қойылғаны көрініп тұр. Бастысы мені сыйлап, шақырғандарыңызға қуаныштымын!» – деді «Арсенал», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» сапында доп тепкен футболшы Коло Туре.

Астананы жасыл желекпен көм­керілген, әсем қалаға айналдыру мақ­сатында биыл барлығы 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған болса, соңғы үш аптада 74 мыңнан астам көшет отырғызылған. Ағаш егу жұмыстарына белсене жұмылған елордалық жастар ұйымдары экологиялық акция аясында «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көр­сету орталығының аумағында ағаш отыр­ғызды. Аталған мекеменің жұмыс­шылары мен Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, «Жас сарбаз» қозға­лысы­ның тәрбиеленушілері, жастар ұйым­дарының өкілдері, қоғам қайрат­керлері және еріктілер Орталық аума­ғына 40-қа жуық алма ағашын отыр­ғызды.

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұр­бол Зұлқарнаев әрбір азамат қаланың дамуына үлес қосуға міндетті екенін атап өтті.

«Біздің орталықта 271 бала арнайы әлеуметтік қызметтер алады. Болашақта бұл балалардың өз алма бағы болады деп үміттенеміз. Біз әр бейсенбіде қосымша экоакция өткізіп, аумақты тазалаймыз. Әрқайсымызда азаматтық сана болуы керек. Тазалықты сақтап, қаланы ретке келтіруіміз қажет», – дейді Нұрбол Зұл­қарнаев. 

Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми өкілі Әлібек Жүсіповтің айтуынша, ең алдымен, іс-шараға қатысушылар ауланың ішіндегі қоқыстарды тазалап, аумақты сыпырып, ағаш отырғызу үшін қажетті құралдарды дайындады.

«Өнегелі ұрпақ» экоаптасы аясында біз 4 мектептің аумағында, сондай-ақ «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ағаш отырғызу іс-шарасын өткіздік. Алда басқа мектеп­тердің аумағында алма ағаштары мен қарапайым көшеттер отырғызуды жос­парлап отырмыз», – деді Әлібек Жүсіпов.

Алма ағашын отырғызуға «Жас сар­баз» қозғалысының тәрбиеленушілері мен «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорының жастары да өз үлестерін қосты.

«Біз «Таза Қазақстан» экоакциясына, атап айтқанда ағаш отырғызуға қатыс­тық. Акцияның маңызды екенін атап өт­кім келеді және төрт апта бойы біз қа­ланы тазалауға қатыстық. Акция жас­тар­ды дұрыс іс-әрекетке бағыттайды», – деді «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қо­рының басшысы Ботагөз Сұлтанова.

Ал «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Альбина Қайроллаева:

«Біз балалармен бірге «Таза Қазақ­стан» бастамасын қолдау үшін қаты­самыз. Менің ойымша, қаланы тазалау арқылы біз денсаулығымызды жақсар­тамыз. Сондықтан әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының аумағында сенбіліктер ұйымдастыру аса маңызды», – дейді.

Қаланың түрлі мекемелері мен ұйым­дарының, жастардың жұдырықтай жұ­мы­луымен кең ауқымды экоакция ая­сында аумақтарды санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көше­лерді, тротуарларды, кварталішілік аумақ­тарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілу­де. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысан­дарына іргелес аумақтарды жинау, кө­гал­дар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және тағы да басқа экологиялық бағыттағы жұмыс­тар жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ