Дегенмен Aikyn.kz редакциясы тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындармен тілдесу барысында олардың су арқылы келуі мүмкін қауіпке, соның ішіндегі түрлі жұқпалы ауруға қатысты алаңдаушылығы барын білді. Осыған орай тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдап, судан алынған сынаманың нәтижесін сұраған едік. Сонымен қатар жыл құстары мен үй құстарының қазіргі жай-күйі, олардың ауру тарату ықтималдығы жайлы да жауапты министрлікке сұрау салған едік. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар қазір жұртшылық алаңдайтындай еш негіз жоқ екенін айтып, бізді жақсы хабарға сендіріп отыр.
Ең әуелі жыл құстары жайлы толыққанды мәліметті білу үшін қазір тасқынның ағыны қатты аймақ Атырау облысындағы Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватындағы мамандармен тілдесіп, жыл құстарынан келуі мүмкін қауіп туралы сұрадық.
Ақжайық резерваты
Жалпы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 6 ақпандағы №119 Қаулысымен құрылды. Табиғи резерват – «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар» жөніндегі заңның 50-ші бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып есептелетін, табиғат қорғау жөніндегі ғылыми мекеме. Резерват оның ішінде сондағы жер үстіне және судың экологиялық бағдарына жауап береді. Мақсаты – табиғаттың биологиялық әр түрлілігін, тарихи-мәдени нысандарды сақтау, оны қорғау және қалпына келтіру.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты және оған шектес аумақта құстардың 292 түрі тіркелген. Олардың 110 түрі Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауындағы аумақта ұя салады, 76-сы резерват аумағында қыстайды. 106 түрі ұшу аймағында кездессе, қалғандары – жыл құстары. 36 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Жыл құстарының жай-күйі
«2024 жылы резерваттың жылдық жоспарына сәйкес, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты және «Новинский» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалында көктемгі көші-қон маусымында құстардың санағы жүргізілді. Санақтың қорытындысына сәйкес, құстардың саны бірқалыпты. Көктемгі құстардың ұшып өтуі ақпан айының ортасында басталып, сәуір айының аяғына дейін жалғасты. Құстардың жаппай ұшып келуі наурыз айының 14-20 күндері аралығында байқалды. Қазіргі уақытта «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты «Шалыга» аралында құстар ұя салып жатыр. Резерват аумағында ғылым және мониторинг бөлімінің орнитолог маманы мекеменің мемлекеттік инспекторларымен бірлесіп, бақылау мониторинг жұмыстары жүргізіп, қадағалауда»,-дейді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің Ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері, орнитолог маман Илья Бофонов.
Демек әзірше жыл құстарынан келетін қауіп байқалмайды, оған қоса құстардың бұл маңға ұшып келуі тасқын басталмай тұрып болған екен.
Судан қауіп бар ма?
Одан кейін су арқылы жұғуы мүмкін инфекциялық аурулар туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, сұраған едік. Аталмыш министрлік инфекциялық аурулардың туындауының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылғанын айтты. Бұдан бөлек санэпидқызметтер сумен жабдықтау көздеріне күнделікті күшейтілген мониторинг пен бақылауды жүргізетін көрінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, су тасқыны басталғаннан бері санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы іріктеліп, зерттелді.
«Бүгін біз күш-жігерімізді эпидемиялық маңызы бар нысандарды дұрыс дезинфекциялауға бағыттадық. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен осындай 6 мыңнан астам нысанға дезинфекция жүргізілді. Дәрігерлер мен санэпидқызметтің үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде инфекциялық аурулардың, соның ішінде ішектің, уланудың өршуі жағдайларына жол берілмеді, сынама алу кезіндегі барлық көрсеткіштер қауіпсіз диапазонда,-дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Уразалиева.
Үй құстарының жай-күйі
Ал ветеринарлық бақылау және қадағалу комитеті 2024 жылдың басынан осы күнге дейін құс аурулары тіркелмегенін хабарлады.
«Сонымен қатар құс аурулары, яғни Құс тұмауы және Нюкасл ауруларына қарсы 2024 жылға бекітілген жоспарға сәйкес 16,5 млн екпе жұмыстары қарастылып, 5,8 млн үй құстарына вакцинациялау іс-шаралары жүргізілді. Орындалуы 35%-ды құрайды. Эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау мақсатында профилактикалық екпе жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасып отыр. Республика аумағында құс аурулары бойынша, бүгінгі күні эпизоотиялық жағдай тұрақты және ветеринариялық қызметінің жіті бақылауында»,-дейді Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Марат Мұхтаров.
P.S. Сонымен Ауыл шаруашылғы министрлігі де, Денсаулық сақтау министрлігі де жыл құстары мен үй құстарынан әзірге еш қауіп жоқ екенін әрі судан алынған сынаманың қауіпсіз екенін айтып отыр. Экология министрлігі де қазір тасқынның ықпалынан соң дабыл қағатындай жағдай тіркелмегенін меңзеп отыр. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ» деген мәтел тағы бар...