Сұлтан Қамалетдинов, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы: Патриотизм – ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік

Әдетте Қарулы Күштерді тек жарақтанып келген жауға қарсы қоятын күш деп бағалайтынымыз бар. Бірақ биыл тура мағынасында «ерлер етігімен су кешкен» жыл болып тұр.

7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында да талай сарбаз бен офицер көктемгі тасқынның зардабын жою жұмыстарында жүр. Бейбіт күнде де, майданда да қалың елдің тірегі, сенері болатын армияның жетістігі де,  шешілуге тиіс мәселелері де аз емес. Қазақ армиясы заман талабына сай жабдықталып та жатыр, алға қойған биік мақсаттарымыз да бар. Дегенмен көкейдегі сауалдарға кәсіби офицерлердің жауап бергені дұрыс. Осы жайтты ескеріп, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновке бірер сұрағымызды қойып, сұхбаттасқан едік.

– Сұлтан Бүркітбайұлы, кеше ғана Қазақ­стан президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сізді І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттады. Құтты болсын!

– Рақмет! 

– Енді тікелей сауалдарымызға көшейік, Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары биылғы су тасқыны кезінде аянбай еңбек етіп жатыр. Адамдарды құтқару мен бөгет салу жұ­­­­мыс­­­тарына қанша жауынгер, техника тартылды? 

– 27 наурыз бен 30 сәуір аралығында су тасқынына қарсы күреске Қарулы Күштерден 6 163 адам, 255 автокөлік техникасы, ар­миялық авиацияның 12 тікұшағы, әскери-көліктік авиацияның 5 ұшағы, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. 

Жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізген негізгі жеке құрам Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жа­­­рия­ланған Ұлытау облыстарына тартылды.

Іс-шараларға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, «Батыс», «Оңтүстік», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының әскери бө­­­­лім­­­дері, арнайы операциялар күштерінің бө­­­­­лімшелері, Құрлық әскерлерінің тікелей бағынысты бөлімдері, аумақтық қорғаныс бри­гадалары, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, сондай-ақ әскери жиын­дар­­ға шақырылған контингент жұмылдырылды.

Жағалауды нығайту жұмыстарынан бө­­­­лек, әскери қызметшілер Әуе қорғанысы күш­­терінің экипаждарымен халықты эвакуациялауға, гуманитарлық жүктерді жеткізуге тартылды. Барлығы 591 ұшу жасалды, ұшу 576 сағат 7 минутты құрады, 3 475 адам эвакуацияланып, 1 996 адам, 235 471 келі жүк тасымалданды.

Экипаждар су тасқынының алғашқы күндерінен бастап Қостанай және Ақтөбе облыстарының аумағында жұмыс істеді. Ми-171 және МИ-17 тікұшақтарымен Ар­қалық қаласына Амангелді, Жангелдин аудандарының қыстақтарынан тұрғындарды эвакуа­­ция­лау жүргізілді. Ми-8 экипаждары БҚО Қаратөбе ауданы мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғындарын эвакуациялады. С-295 борттарымен Алматы қаласынан ТЖМ жеке құрамын Орал қаласына тасымалдау, сондай-ақ БҚО, СҚО және Атырау облыстарына гуманитарлық жүктерді жеткізу ұйымдастырылды.

6 сәуірден бастап 58012 әскери бөлімінің понтон-көпір батальонының 13 адамнан тұ­­­ра­тын жеке құрамы Ақтөбе облысының Ойыл кентінде жұмыс істеді. Әскери қызмет­­шілер понтон-көпір өткелін ұйымдастырды. Оның көмегімен 2000-ға жуық адам және 150 тонна азық-түлік пен гуманитарлық көмек, 300 көлік тасымалданды. 18 сәуір­­ден бастап жеке құрам 366 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын тасымалдау үшін Ақ­­мо­­­ла облы­сы­ның Қима елді мекеніне ауыстырылды.

Бұдан басқа, Жайық өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ Құлсары қаласының маңындағы жа­санды бөгеттерді жою үшін «Батыс» өңір­­лік қолбасшылығының инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен 15 жарылыс жүргізілді. Сондай-ақ Ақмола облысының Жарма және Есіл ауданында елді мекендеріне электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 7 бірлік электр стансасы бөлінді. Тапсырмаларды орындау басталғаннан бері жалпы ауданы 484,462 га, 50 нысан дезинфекцияланды. Дезинфекциялық препараттардың шығыны – 540,3 келі.

Ақтөбе облысының Қобда кентінде 22534 әскери бөлімінің 50 әскери қызметшісі жануарларды жерлеу орындарын, Лиман көлінің жағалау аумағын, Қобда өзені­­нің жағалауын және Жарық ауылында су басу учаскелерін дезинфекциялады. Ойыл ауы­­лының мал қорымына, фермаға, су басу учас­келеріне дезинфекция жүргізілді. Саралжын ауылдық округінде, Қобда және Ойыл кентінде шаруа қожалықтарын дезинфекциялау жүргізілуде.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан жеке құрамнан басқа, Қазақстан Қа­ру­лы Күштеріне медициналық қамтамасыз ету үшін 45 адам жұмылдырылды. Олар – эпи­демиологтер, орта буындағы медициналық қызметкерлер, санитарлық нұсқаушылар.

Білікті медициналық көмек көрсету үшін төрт әскери-медициналық бөлімнен және мекемелерден медициналық бригадалар бөлінді (Тараз қаласы Гвардейск гарнизоны, Ақтөбе қаласының әскери госпитальдері). Су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері 404 адам медициналық көмекке жүгінді. Медициналық бригадалар дәрілік заттармен және медициналық құралдармен толық қамтамасыз етілген.

Қазақстан Қарулы күштері санитария­лық-эпидемиологиялық орталығының мамандары су тасқынына қарсы іс-шараларға тар­тылған жеке құрамды орналастыруды, тамақтандыруды, сумен жабдықтау­ды және монша-кір жуу қызметін бақылау жөніндегі жұмысты ұйымдастырды. Жергілікті денсаулық сақтау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.

– Төтенше жағдай кезінде аумақтық қорғаныс күштерінің де жұмылдырылғанын білеміз. Аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған заңнаманы жетілдіру жоспары да бар. Бастама қандай деңгейде? 

– Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына «Қазақ­­стан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеу үшін толықтырулар енгізілді. Аталған заң жобалары тиісті тәр­тіпте Президент Әкімшілігімен, Үкімет Аппаратымен және мүдделі мемлекеттік органдармен ке­лі­­­­­­сілді. 2023 жылғы 29 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасы Үкі­­­метінің қаулысымен заң жобалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің қарауына енгізілді.

Биылғы жылдың ақпан айында аталған заң жобалары Парламент Мәжілісінің комитеттерінде қаралды. Қазіргі уақытта заң жо­басын қарау жөніндегі Мәжілістің жұмыс тобы жұмыс тобын жалғастыруда. Биылғы жылдың 18 наурызынан бастап жұмыс тобы 11 отырыс өткізді.

– Қазақстан сарбаздары алғаш рет БҰҰ бітімгерлік күштері аясында жеке мандатпен Голан жоталарына аттанды. Ондағы күш­теріміз қалай қызмет етіп жатыр? 

– БҰҰ-ның шақыруына сәйкес, биылғы наурыз айында Қазақстанның алғашқы дербес ұлттық бітімгерлік контингенті өзі­­нің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына кі­­­ріс­кені белгілі. Контингент құрамындағы 139 әскери қызметшінің арасында 7 әйел миссияға қатысады. Оның ішінде 2 ат­­­қыш-санитар, 1 мерген, 2 аспаз және 2 медицина қызметкері бар. Қазір қазақстандық бітім­­герлер Голан жоталарындағы дербес миссияны орындауға кірісті. 

Голан биіктіктерінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау күштері» миссиясының құрамында қызмет ететін ұлттық бітімгерлік контингенті БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайды. Миссия қолбасшысының резервтік ротасы бола отырып, контингент миссияның жауапкершілік аймағында патрульдеу, жол тосқауылдарын күзету және күшейту, жарылғыш заттарды минадан тазарту міндеттерді орын­­­дайтын болады.

Қазір бітімгерілік ротаның жеке құрамы миссия штабы орналасқан Фауар базасында орналасқан. Қазақстандық бітімгерлер қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз етіледі.

– Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, арнаулы операциялар күштері жасақ­талғанын білеміз. Олардың жарақтандыры­­­луы мен дайындығы қандай деңгейде? Мұн­­­дай құрылымдардың Қарулы Күштердегі үле­­­сі көбейе ме? 

– Арнайы операциялар күштері елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында, оның ішінде антитеррорлық операцияларға және заңсыз қаруланған құрылымдарға қарсы іс-қимыл жасауға қатысу арқылы арнайы міндеттерді шешуге арналған. Арнайы жасақ бөлімдерін жан-жақты дамыту ісі тың қарқынмен жал­ғасуда.

– Соңғы үш жылда армиядан 17 мың қызметші кеткенін айтқаныңыз бар еді. Олардың арасында 4 мыңнан астам офицер бар деседі. Білікті кадрлардың әскери қызметтен кетуін азайту бағытында не істеліп жатыр? 

– 2020-2023 жылдар аралығында Карулы Күштерден 17 065 әскери қызметші (4 301 офицер және келісімшарт бойынша 12 764 әскери қызметші) босатылды. Алайда осы кезеңде Қарулы Күштер қатары 14 311 (4 414 офицер және 9 897 келісімшарт бойын­­ша әскери қызметші) әскери қызметші­мен толықты. Әскери қызметшілерді запас­қа шы­ға­­ру және армияны әскери қызметшілермен қамтамасыз ету табиғи процесс саналады. Жұмыстан шығарудың негізгі себептері ре­­­тінде шекті жасқа жету, келісімшарттың аяқ­­талуы, денсаулық жағдайы, ұйымдық­-штаттық іс-шаралар бойынша зейнетке шығу және басқаларды айтуға болады.

Әйтсе де, Қорғаныс министрлігі басшы­лығының қабылдаған шаралары 2023 жы­лы 400-ге жуық адамды жұмыстан шығару мен әскери қызметке қабылдау арасында оң балансқа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жалпы, соңғы 10 жылда Қарулы Күштердің әс­ке­­ри қызметшілерін жасақтау мен жұмыстан шығару мәселелерінің жай-күйін талдау же­ке құрам санын ұлғайту пайдасына шешілгенін көрсетеді. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің мәртебесі мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыру шара­ларын қабылдауда. Әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларын көтеру, зейнетақымен қамсыздандырудың кейбір мәселелері, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы жинақтарының қалдықтарын қандай да бір шектеусіз пайдалануға құқық беру, еңбекақының жаңа жүйесіне көшу мәселесі пысықталуда. 

– «Айбын» орденіне Бауыржан Момыш­­ұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтың, Рақымжан Қошқарбаевтың есімінің берілуі оларға құрмет қана емес, патриоттық тәрбие элементі болса керек. Бірақ өз басым патриоттық тәрбиені әскердің ғана шаруасы деп есептемеймін. Сіздің ойыңызша патриот деген кім? 

– Патриотизм ұғымының ауқымы кең. Бұл – біріншіден, өз еліңе деген сүйіспеншілік, Отанға деген ерекше эмоционалдық әрі мақтаныш сезімі. Бұл – өзіңнің туып-өскен, балалық шағың өткен туған же­ріңнің алдындағы азаматтық борышың мен перзенттік парызың. Патриотизмге «құрмет» сөзінің синонимі деп қарауға болады. Бұл дегеніміз – өзінің туған халқын, ана тілін, салт-дәстүрін, елінің азаматтарын құрметтей білу. Патриоты бар ел – берекелі ел.

Патриотизм – Отаныңның жетістіктері мен мәдениетіне марқайып, оның ұлттық ерекшеліктерін сақтауға, туған жерің мен өз халқыңның мүдделерін қорғауға ұмтылу. Пат­­­риотизм – сүйіспеншілік және Отан деген екі ұғымнан тұрады. Әйтсе де, әр адамның Отанға деген сүйіспеншілігі, Отан туралы түсінігі әрқилы. Сол себепті бүгінде әр­түр­лі типтегі және даму деңгейіндегі патриоттарды анықтауда таңғаларлық ештеңе жоқ. Отанды өзі үшін сүйетіндер де, Отан үшін өзін құрбан ететіндер де бар. Алайда отбасыңды, бала-шағаңды, достарыңды, жақындарыңды сүймей, Отанды сүю мүмкін емес. Сол себепті патриотизм тақырыбы пікірталасқа толы. 

Бұл тақырып – Қорғаныс министрлігі қызметінің басты бағыттарының бірі. Патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік әскери мәселелермен ғана шектелмейді. Жоғарыда айтқанымдай, бейбіт уақытта бұл – адамның өз Отанын гүлдендіруге, білім алу­­ға, жұмыс істеуге, өз елінің дамуына қос­­­қан үлесі. Сол себепті бұл тек армияның ғана емес, бүкіл қазақстандық қоғамның ісі және бұл жұмысты балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап жүргізу қажет.

Біз бұл жерде ел Президентінің: «Мемлекет тұтастығын сақтаудың бірден-бір кепілі – патриоттық сезім. Отанға деген сүйіс­пеншіліктен, Отанға қызмет етуден артық құнды ұғым жоқ. Патриот болу – алаңға шығып ұрандату емес, қажырлы еңбек ету» деген сөзін есімізден шығармауымыз керек.

– КСРО кезінде әскери бөлімдерге «гвардиялық» немесе «бәлен орден иегері» дегендей атақ беру арқылы даңқын асыруға тырысқан идеология болушы еді. Мұндай амалдар қазіргі заманда қажет пе? 

– Қазақстан Қарулы Күштерінде қазақ батырларының, Кеңес Одағы Батырларының, Халық қаһармандарының және басқа атақты адамдардың құрметіне әскери бөлімдер мен мекемелерге құрметті атаулар беру тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өз кезегінде, бұл ел азаматтарын әскери-патриоттыққа тәрбиелеу жүйесінің маңызды элементі болып табылады. 

Әскери бөлімдер мен мекемелерге атау беру аса көрнекті қоғам қайраткерлерін, Кеңес Одағының Батырларын, Халық қаһармандарын және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбегі бар басқа да адамдарды мәңгі есте қалдыру мақсатында, қайтыс болғаннан кейін, бірақ олар қайтыс болған күннен бастап бес жыл өткен соң мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, әскери ұжымдардың және азаматтардың өті­ніш­тері бойынша жүргізілуі мүмкін. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар әскери бөлім мен мекемеге танымал адамдардың есімдері берілді.

Бұдан бұрын, 2021-2022 жылдары Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеоло­гия­лық жұмыстар департаменті тағы да бірнеше әскери бөлім мен мекемеге атау беру бойынша жұмыстар жүргізген болатын. Алайда тарихи тұлғалардың тізбесінде олардың есімдері болмауына байланысты оң шешім қабылданған жоқ.

2024 жылғы 24 қаңтарда Мәдениет және ақпарат министрлігінен Республикалық ономастикалық комиссия бекіткен Тарихи тұлғалар тізбесі алынды. Тізімдегі 697 тарихи есімнен ҚР ҚК әскери бөлімдері мен мекемелеріне атау үшін барынша үйлесетін 33 есім іріктеліп алынды.

– Былтыр Қарулы Күштер сапынан бірқатар ескірген техникалар шығарылған еді. 117 ұшақ бөлшектелетінін естігенде қоғамда алаңдаушылық болғанын байқағанбыз. Әскери техникамызды жаңғырту қандай деңгейде? Ел-жұрттың алаң көңілін қалай тыныштандырамыз? 

– Бұл ұшақтар өткен ғасырдың 70-80 жылдарында шығарылған. Әскери техника пайдалану ресурсының белгіленген шегіне дейін Қарулы Күштерде пайдалануда болады. Кейін ол сақтауға шығарылады. Қорғаныс министрлігі ұшақтарды күрделі жөндеуден өткізуге және жаңғыртуға тиісті шаралар қабылдады. Бірақ бұл іс-шаралардың қымбатқа түсіп, экономикалық тұрғыдан тиімді болмауына байланысты бұл мә­селе күн тәртібінен алынып тасталды. Қолданыстағы заңнамаға және қару-жарақ пен әскери техниканы кәдеге жарату ережелеріне сәйкес, бұл ұшақтар пайдаланылмайтын әскери мүлік болып танылды. Олардың тізімі дайындалып, уәкілетті орган саналатын Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігіне берілді. Сонымен бірге 2023 жылғы 5 сәуірде пайдаланылмайтын мүлікті бөлу жөніндегі комиссияның отырысында «Қазақстан инжиниринг «ҰК» АҚ-ның пайдаланылмайтын мүлкін (жоғарыда көрсетілген авиация­лық техника) «Қазспецэкспорт» РМК уәкі­­­летті ұйымы кәдеге жарату арқылы оны жою шартымен сатуға беру мәселесі мақұлданды. Бұл техникалар басқа елдерге сатылмайды.

Қарулы Күштерде пайдаланылмаған техниканы есептен шығарудан және кәдеге жаратудан бөлек, Әскери-әуе күштерін оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға мүм­­кіндік беретін заманауи тікұшақтармен, жауынгерлермен және әскери-көлік ұшақтарымен жоспарлы жарақтандыру жүргізілуде.

– Әскери ынтымақтастықта да көпвекторлы бағыт ұстанатынымыз байқалады. Ресеймен де, Қытаймен де, АҚШ-пен де әскери салада біршама байланысымыз бар. Түрлі әскери доктринасы бар, сан қырлы әскери амал-айла мен техника қолданатын елдердің тәжірибесі бізге не береді? Өзімізге тән, елі­міздің ерекшеліктеріне сәйкес келетін тактика, оперативті амалдар ойлап табуға мүмкіндік бере ме?

– Халықаралық ынтымақтастық аясындағы жұмыстардың бәрі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған. Бұл – жедел және жауынгерлік даярлықты ұйымдастырудағы, әскерлер топтарын жоспарлау мен қол­данудағы, әскерлерді басқарудағы озық тәжірибені зерделеу. Көпұлтты штабта жұмыс істеудің практикалық дағдыларын алу, дағдарыс жағдайларын шешуде басқа елдердің тәжірибесін пайдалану, бірлескен жоспарлау тәртібін, ұжымдық күштер құрамындағы біздің әскерлердің рөлі мен орнын нақтылау. Сонымен қатар қазіргі жағдайда жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу әдістері мен тәсілдерін Қазақстан Қарулы Күштерінде қолдану үшін талдау, жауынгерлік даярлық дағдыларын жетілдіру. 

2024 жылы Халықаралық әскери ынтымақтастық мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ұлттық мүдделерін қор­ғау, сондай-ақ халықаралық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттермен өзара іс-қимылды нығайту үшін жағдайлар жасау мақсатында жалғастырылатын болады.

– Әскери ғылым қалай дамып жатыр? Ғалым-офицерлеріміздің үлесі қандай?

– 2023 жылғы 5 мамырда өткен Бүкілармия кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы әскери білім беру жүйесін одан әрі дамыту, сондай-ақ әскери оқу орындарын әлемдік стандарттарға сәйкес­тендіру, қазіргі заманғы талаптарды ес­кере отырып, оқу бағдарламаларын жетілдіру жөніндегі ша­ралар қабылдау туралы тап­сыр­ма берді. Осыған байланысты, Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің әскери білімі мен ғылымын дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. 

Қорғаныс министрлігінде ғылыми-зерттеу және өнертапқыштық қызметпен Ұлттық қорғаныс университетінің, Құрлық әскерлері әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Әуе қорғанысы күштері әске­ри институтының және «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ-ның ғылыми қызметкерлері ай­налысады. Оның ішінде қазіргі уақытта 111 ғалым: 10 ғылым докторы, 53 философия докторы (PhD) және 48 ғылым кандидаты бар.

2018-2023 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындары грант­тық қаржыландыру шеңберінде 19 ғылыми жобаны, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 4 ғылыми бағдарламаны, конкурстық рәсімдерден тыс бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 1 ғы­­­­лыми-техникалық бағ­дарламаны және консалтингтік қызметтер шеңберінде 1 ғы­лыми жобаны іске асырды. Ғылыми жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша, әскери оқу орындары зияткерлік меншік құ­қы­ғы туралы патенттер мен куәліктер иеленді.

Ұлттық қорғаныс университетінің технопаркінде геоақпараттық өнімнің жаңа түрлерінің прототиптерін тәжірибелік өндіру учаскесі (голографиялық және басқа негіздердегі карталар, сондай-ақ рельефтің цифр­лық матрицасы негізінде жергілікті жердің аналогтық 3D макеттері) орналастырылған. Онда робототехника және ұшқышсыз авиация саласында зерттеулермен айналысатын 2 зертхана жұмыс істейді. 2023-2024 жылдар ішінде оқу полигондарында «Шағала-М» ҰҰА демонстрациялық ұшулары, тәжірибелік-әскери сынақтары, ұшу аппаратының пайдалану және тактикалық-техникалық сипаттамаларын тексеру жүргізілді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ