Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев құрылыс жұмысын сапалы әрі жедел жүргізуге барлық мүмкіндік қарастырылғанын атап өтіп, тасқыннан зардап шеккендерге арналған баспана үш ай ішінде дайын болатынын жеткізді.
"Үйлерді сатып алуға немесе салуға қаржы бөлініп жатыр. Басқа шығындар – бұзылған көпірлер, жолдар, электр торабы – оның бәрі бюджет есебінен төленетін болады", – деді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер өзімен бірге елімізге белгілі меценаттар мен ірі қорлардың өкілдерін ертіп апарды. Тасқыннан зардап шеккендерге арналған баспана негізінен, демеушілер есебінен бой көтереді. Әзірге белгілісі, облыс бойынша 18 миллиард теңгеге 651 үй салынады. 9,7 миллиардқа тағы 398 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша дайын үйлер де сатып алынуда. Қанат Бозымбаев табиғи апаттың зардабын жоюға бағытталған жұмыстармен де танысты.