Теміртау маңында жол апатынан екі бала қайтыс болды

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.

Теміртау қаласына жақын жерде екі көлік соқтығысып, екі бала қаза тапты. 10 адам ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға сағат 17:56-да болған. 

«Апат салдарынан Chevrolet Nexia көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, екі көліктегі он жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қаза тапқандардың екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған», – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Полиция департаменті тағы да жол қозғалысы ережелерін сақтауға және белгіленген жылдамдықты бұзбауға шақырады.