Адамға суда жоғары жылдамдықпен жүзуге көмектесетін жаңа құрылғымен newatlas.com сайты таныстырды. Балықтармен жарысып жүзуге болатын «су велосипедінің» керемет мүмкіндіктерін Aikyn.kz америкалық сайттағы материалға сүйеніп талдайды.
Сіз мұндай «су астындағы ұтқыр құрылғыны» бұрын көрдім деп айта алмайсыз. Өнертапқыштардың идеясы өте қарапайым: сіз Seabike тірегін қалаған ұзындыққа ұзартып, белдікпен беліңізге байлайсыз. Содан кейін педальдарды аяқтарыңызға бекітіп, иінді айналдыра бастайсыз.
Ол 38 см өлшемі бар екі қалақты винтті айналдырып сізге суда үлкен жылдамдықпен жүзуге көмектеседі. Мұндай велосипедпен қозғалтқышы бар сүңгуір қайықтай су бетінде немесе су астында жеңіл сырғанайсыз.
Тереңге сүңгуді ұнататындар акваланг құрылғысын киіп, су велосипедін қолдана алады. Ол акваланг қондырғысымен толық үйлесімді.
Пропеллер екі бағытта да жұмыс істейді, сондықтан сіз бұл нәрсені төңкеріп, винтті алдыңызда ұстап, педальді қолыңызбен айналдыра аласыз. Бұл дәстүрлі жүзумен салыстырғанда әлдеқайда қызық болуы мүмкін және велосипед байлап суға түскен адамды құрылғы батып кетуден қорғайды.
Seabike жабық бассейнде пайдалануға жарамды. Бұл құрылғы суға батпайды, оны жоғалтып аламын деп қорықпайсыз, су астында жоғалтып алсаңыз, ол судың бетіне өзі қалқып шығады.
Seabike ашық теңізде жылдам жүзудің керемет қызықты тәсілі. Ең бастысы, бұл құрылғыны қуаттаудың қажеті жоқ, бір-екі хот-дог жеп алсаңыз жүзуге бірден дайын бола қалады. Барлығы электр қуатымен жүретін заманда Seabike өте қарапайым және үнемді механикалық құрылғы.
Адамдардың көпшілігі жүзуді үйрену кезінде қолы мен аяғын үйлесімді қозғалтуға қиналады. Енді Seabike көмегімен аяқпен нені басу керек деген сұрақ туындамайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл құрылғымен адам қанаты бар жүзушіге айналып, суда жылдам қозғалатын болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан табасыз.