Атырау облысы Индер ауданында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Атырау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бүгінде Қызылорда облысы ТЖД күшімен бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде.
– Атырау облысы Индер ауданы Индербор кенті Жайық өзенінің су деңгейі көтерілуіне және ауа райының қолайсыздығына байланысты судың деңгейі қатты көтерілуде. Осыған байланысты елді мекенге қауіп төнуде. Су тасқынының алдын алу және болдырмау мақсатында Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері және жергілікті тұрғындар, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен қосымша қап қаптау және бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 80 адам жұмылдырылды, – деп атап өтті Қызылорда облысы ТЖД ТЖЖБ басқармасының бастығы Жандос Досымов.
Сондай-ақ тасқыннан қорғану мақсатында Махамбет пен Сарытоғай ауылы ортасындағы жол арасы уақытша жырылды.
Махамбет ауданы ТЖ жөніндегі штабтың шешімімен су деңгейін азайту мақсатында Махамбет ауылы мен Сарытоғай ауылы ортасындағы жол арасы жырылып, қатынас уақытша тоқтатылды.
– Жайық өзені жағы бетінен өр суы мол келуде. Су деңгейін азайту мақсатында арнайы техникалардың көмегімен ауыл аралық жол бұзылып ұзындығы 11 метр, ені 1,5 метрлік 2 дана құбыр тұрбасын салу жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты, жол қатынасы уақытша тоқтатылып, ауыл тұрғындарына жағдай толықтай түсіндірілді, – деп нақтылады Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Махамбет ауылдық округі мен Сарытоғай ауылын жалғап жатырған жолдың жалпы ұзындығы 5 шақырым. Махамбет, Сарытоғай ауылдарында 12 924 адам тұрады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.