Ардагерлерге пәтер кілті берілді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосуноваға Мемлекет басшысының арнайы жолдаған алғысын жеткізіп, пәтер кілттерін табыстады.

Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың соғыс және тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтау хатын қала әкімі оқып берді. «Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз риза­­шылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», – делінген Президент құттықтауында.

Үшінші мегаполисте соғысқа қатысқандардан екі ардагер бар. Олардың бірі – Нина Мосунова. 100 жастағы майдангер әжей соғыс кезінде радист болған. Ал екінші майдангер – Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қала­лары үшін шайқасқан Мұраталы Төлепберген ақсақал. Ол қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан со­ғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» ордендерімен марапат­талған. 

Мегаполис басшысы аға буын­ның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жан­қиярлықтың және отаншыл­дықтың озық үлгісі болып қала­­тынын айрықша атап өтті. «Біз Жеңістің құндылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын жадына тағзым етеміз. Сіздердің бойыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі болып табылады», – деді Ғабит Әбдімажитұлы.

Ғасыр жасаған қарт майдан­герлер қала басшысына шексіз риза­­шылықтарын білдіріп, шы­найы алғысын жеткізді.

Айта кетейік, осы күні Шым­­кентте Жеңіс мерекесі айрықша салтанатымен аталып өтті. Ғабит Сыздықбеков соғыс ардагер­­­лері­мен бірге «Даңқ мемориалына» гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауын­герлердің рухына тағзым етті. Ша­һар тұрғындары да «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоғын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздік­пен еске алды.

Осы ретте айта кетейік, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагер­леріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған.

Тыл еңбеккерлеріне де мате­риал­дық көмек көрсетілді. Былтыр оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге ұлғай­тыл­ды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы