Алматы облысынан сәуір айының ортасында Батысқа 171 техника, 50 құтқарушы және 15 ерікті жіберілген. Олар Батыс Қазақстанда орын алған алапат тасқынның алдына тосқауыл қоюға, адамдарды құтқаруға көмектесіп, апат зардаптарын жоюға атсалысты.
Талғарлық жүргізуші Елдар Исаевтың айтуына қарағанда, олар уақытпен санаспастан тасқынмен күресіп, адамдар мен олардың мал-мүлкін аман алып қалуға тырысқан. «Біз, жүргізушілер суды бөгейтін дамба тұрғызу үшін күніне 15 рет құм мен топырақ жеткізіп отырдық. Кейде тамақтануға уақыт таппай қалатынбыз. Соның арқасында Чапаев ауданында ұзындығы 8 шақырымнан асатын дамба тұрғыздық. Бірнеше ауылды аман алып қалдық», – дейді ол.
Сол 7 мамыр күні облыс орталығы Қонаев қаласында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Отан қорғаушы күніне орай салтанатты жиын өтті. Онда облыс әкімі өңірдегі Қарулы Күштер мен қорғаныс істері саласының қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан әскерилер де бар.
«Алматы облысының әкімдігі аумақтық қорғаныс жүйесін дамыту бойынша нақты шараларды қолға алып, үлкен істер атқаруда. Биыл дербес облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылды. Басқарма құрудағы басты мақсат – әскери қызметтегі азаматтардың дайындықтарын және жастарды әскери қызметке шақыру жұмысын күшейту еді. Аталған қадамның алғашқы оң нәтижесі ретінде биыл көктемгі әскери қызметке шақыру жоспарының артығымен орындалып жатқанын атап өтуге болады. Сонымен қатар жылда Қорғаныс министрлігімен бірге өткізілетін әскери жиындардың сапасы барынша артуда. Мұндай шараның бірі өткен аптада Талғар ауданында ұйымдастырылды. Осындай жұмыстар арқылы жергілікті атқару органдары Отанымыздың қорғаныс жүйесін дамытуға өз үлестерін қосуда. Қарулы күштердің әлеуетін арттыру – баршамыздың басты міндетіміз бола бермек!» – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Мереке күні марапатқа ие болғандар қатарында №32363 әскери бөлім подполковнигі Ғани Аязбеков, старшина Бауыржан Бедеров, аға сержант Ербол Сарсек болды. Сонымен қатар Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы №58012 әскери бөлімнің әскери қызметшілері подполковник Төлеген Назаров, майор Айдос Бақытбеков, аға лейтенант Дінислам Қалибеков, 2-ші сыныпты сержант Саят Ақан, 3-ші сыныпты сержант Айбек Сәрсенов бар.
Салтанатты жиын соңында №32363 әскери бөлімінің командирі, гвардия полковнигі Б.Аманқалиев қызметтестері астынан Алматы облысы тарапынан көрсетілген құрметке алғысын жеткізіп, барша ерлер қауымын мерекемен құттықтады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы