Адамнан аумайтын робот жасалды. Сол роботтың қозғалыс теориясын жасаған қазақ академигі екенін білесіз бе?

Адамнан аумайтын гуманоид роботтар бүкіл әлемдік әлеуметтік желілерді шулатып жатыр. Бұл роботтар қандай елде жасалғаны анықталды. Ал сол роботтардың қозғалыс теориясын жасаған қазақ академигі екенін мақтанышпен айтамыз.

Адамнан аумайтын өте шынайы роботтар шығаратын фабрика туралы материалды алғашқылардың бірі болып newatlas.com сайты жариялады. Адамның терісіне ұқсайтын материалмен қапталған робот не үшін керек болғанын Aikyn.kz осы материалға сүйеніп талдайды.

Стив Джобсты таныдыңыз ба? Ұқсай ма? Фото exrobots.net сайтынан алынды

Әлеуметтік желілерде тараған видеода адамның шашы мен терісіне ұқсас денесі бар қозғалатын андроидтар көрсетілген. Бұл бұрынғы белгілі гуманоид роботтарға ұқсамайтын жаңа нұсқалар. Оны алыстан адаммен шатастырып алуға болады. Фабрикада қатар-қатар қойылған әдемі киборг әйелдер қойылған, жейде мен шалбар киген толық гуманоидтар саусақтарын бүгіп түрлі қимылдар жасайды.

Видеоны түсірген қытай тілінде алғашында түсініктеме береді: «бұған дейін қызметкерлер жаппай өндірісті бастады» деген сөздер естіледі.

Сонымен, видеодан нені көреміз? Белгілі болғандай, қытайлық ExRobots компаниясы өз өнімдерін көрмелерде көрсетіп үлгерген. Компанияның веб-сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ол «мемлекеттік, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларына арналған тиімді және пайдаланушыға ыңғайлы интеллектуалды гид қызметшілерді» жасайды.Өз бұйымдарын ExRobots Далянь қаласындағы «Бұрынғы болашақ ғылым және технология» мұражайында көрсетеді. Мұражай Мадам Тюссоның балауыз мұражайының роботтық нұсқасын көргендей әсер береді.

Бұл жерде Эйнштейн мен Эдисон анимациялық кейіпкерлерін кездестіресіз. Қойылған мұражай экспонаттарына кигізілген силикон тері адамның терісін өте жоғары дәлдікпен шынайы қайталайды, тіпті, терідегі ұсақ бөртпелерге дейін ескерілген.

Қытайдың жаһандық телеарнасында (CGTN) көрсетілген видеода бұл гуманоидтардың бөліктері 3D технологиясымен басып шығарылады. Басты идея – корпоративтік клиенттерге арнап арнайы анимациялық роботтар мен гид-жүргізушілер жасаудың жаңа мүмкіндіктерін көрсету.2024 жыл гуманоидтық кеңістікте AI робототехникасы саласында серпінді кезең болды. Unitree, UBTech/Baidu, Astribot, LimX, Kepler, Бейжіңдегі гуманоид роботтар инновациялық орталығы және басқа да қытайлық компаниялар оқытуға қабілетті және пайдалы тапсырмалар орындайтын жұмысшы роботтар жасаудың жаңа перспективаларын көрсетуде.

Шынында да, Қытай Солтүстік Американың Tesla, Fig, Sanctuary, Agility, Apptronik және т.б. компанияларынан қалыспайтынын күнде дәлелдеп келеді.

Осы саланың атасы – Boston Dynamics – өзінің жоғары өнімді алдыңғысының гидравликалық қозғалтқыштарын электр жетектерімен алмастыратын, адамның қимылынан да икемді қозғалатын жаңа буын Atlas роботтарының не дайындап жатқаны да белгісіз. Бұл да жаһандық жойқын бәсекенің көрінісі. Роботтар туралы соңғы жаңалықтарды біз ақпандағы материалда жарияладық.

Мектепте робот-манипулятордың қозғалысын, оларды қолдану мен басқару тетіктерін үйрететін үйірмелер ашу өте жақсы бастама. Фото ucvt.org сайтынан алынды

Бұдан қазақ ғылымы мен қоғамы қандай сабақ алуы тиіс? Қазір жаңада ашылған инновациялық мектептерде робототехника үйірмелері жұмыс істейді.

Мектеп жасынан балалар робот-манипулятордың қозғалысын, оларды қолдану мен басқару тетіктерін үйренеді. Өте жақсы бастама.

Дегенмен біз 10 жастағы қазақ балаларын робототехниканың негіздеріне енді үйрете бастағанмен қалған әлем үлкен қадамдармен бізден алысқа озып барады. 

Алыптардың жолын жалғаушы Өмірбек Жолдасбеков. Фото ult.kz сайтынан алынды

Ал осы роботтардың қозғалысын ғылыми негізде жасаған, машиналар мен механизмдердің қозғалыс теориясын қалаған қазақтан шыққан атақты ғалым академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков екенін бүгінде көп ешкім біле бермейді, еске де алмайды.

Бүгінгі жоғарғы класты механизмдердің кинематикасы мен кинетостатикасын, серпімді буынды механизмдер динамикасына арналған ғылыми зерттеулері мен жоғары класты механизмдер мен манипуляция құрылғыларының аналитикалық теориясын қалаған Өмірбек Жолдасбеков екенін бүкіл әлем ғалымдары біледі.

Жоғары класты механизмдер мен манипуляция құрылғыларының ғылыми теориясын жасаған Өмірбек Жолдасбеков екенін бүкіл әлем біледі. Фото bilimdinews.kz сайтынан алынды

Академик Жолдасбеков бүкіл әлем мойындаған ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Қаныш Сәтпаев атамыздай қазақ ғылымын дамытуға зор үлес қосқан ұлт мақтанышы.

Сондықтан Жолдасбеков мектебін дамытатын бүгінгі ізбасар шәкірттерін қолдауды да ұмытпау керек. Олардың ғылыми теориялық жұмыстарын қолдау арқылы қазақтың робототехника  ғылымы да әлемге таныла алады.

Бұл да ғылым саласына жауапты министрліктің назарына ілінуі тиіс басты мәселе деп ойлаймыз. 

Ал 2024 жыл адамзат баласы үшін жасанды интеллектпен біріктірілген роботтық технологиялардың дамуына мықты серпін береді деп күтілуде.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.