Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары көшіріліп жатыр

Бірінші кезекте эвакуацияланатын тұрғындар санатына жүкті әйелдер, балалар мен қарттар жатады.

Атырау облысы Талдыкөл ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық жедел штаб мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Махамбет аудандық ТЖ жөніндегі жедел штабының хабарлауынша, Талдыкөл ауылы тұрғындарын эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орындық 2 газель автокөлігі, 30 қызметкер, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында 3 полиция автокөлігі жұмылдырылды. 

Бірінші кезекте эвакуацияланатын тұрғындар санатына жүкті әйелдер, балалар мен қарттар жатады. Ауыр науқастар Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланып жатыр. 

Тұрғындар үшін Атырау қаласында - APEC жоғары колледжінде және "Dana" қонақ үйінде эвакуациялық пункттер дайындалды. Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округі, Талдыкөл ауылында жалпы 221 тұрғын үй, 1215 халық бар.