Шахмат барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелерін, БАҚ өкілдері мен ардагерлерді біріктірді. «Жылдам шахмат» форматындағы ойындар Қазақстан шахмат федерациясы мен Денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «AMANAT» партиясының ғимаратында өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік 25 ойыншы анықталды.
Бірінші орынды Еңбек ардагері Геннадий Пак иеленді. Екінші орын Абай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Сергей Могилаға, үшінші орын Еңбек ардагері Сергей Игнатьевке бұйырды.
– Мен 9 жасымнан бастап шахматпен айналысамын, бұл ойынды әкем үйреткен. Аталмыш турнир барлық шахмат әуесқойы үшін үлкен мереке. Бұл спортты танымал етуге үлкен серпін. Турнир дәстүрлі болғанын қалаймын, – деді Геннадий Пак.
Senat Оpen жартылай финалы 21 маусымда Қарағандыда өтеді. Оған Қарағанды облысынан, Ұлытау облысынан және Астанадан іріктеу турының жеңімпаздары қатысады.
Үлкен финал Астанада 29 тамызға жоспарланған.
Senat Open турнирі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына арналған және Қазақстанның барлық өңірінде алғаш рет өткізіліп отыр. Шарада шахматтың беделін арттыру мақсатында екі жылда бір рет Senat Open турнирі өткізілетіні айтылды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ