Аймақта 4 мыңға жуық отбасыға жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
Азаматтардың баспана мәселесін шешу бойынша шаралар кешені қабылдануда. Өңірде барлығы 3,8 мың үй су астында қалып, оның бүгінде 1,3 мыңы тексерілді. Петропавл қаласының «Солнечный-2» ықшамауданында бекітілген үш жоба бойынша 500 тұрғын үй салынады. Тиісті меморандум жасалып, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Мәселен, «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 100 үй салынып жатыр. Kazakhmys корпорациясы қор арқылы тағы 100 үй сала бастады. Ірі панельді құрылысқа маманданған елордалық «GLB үй құрылысы комбинаты» зауыты Kaspi АҚ қаражатына 300 тұрғын үй салады.
СҚО тұрғындарына баспана сатып алу үшін жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарықтары негізінде пәтерлер пулы жасақталды. Петропавлда алғашқы 7 пәтер сатып алынды, аталған жұмыс одан әрі жалғасады. Ойқала ықшамауданында және Былғары кентінде 26 үй мен 7 пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда, бүгінде ықшамаудандар мен ауылдарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 800-ден астам жұмысшы мен 400 бірлік техника жұмылдырылған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов зардап шеккен елді мекендердегі тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ өңірде егіс науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.