Көрсетілімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі және «Қазфэшн Париж» француз қауымдастығының қолдауымен ақтөбелік дизайнер де қатысты.
Cабина Наурызалинаның ұлттық киім тігумен айналысып келе жатқанына 15 жылға жуықтады. Өз өнімдерін 2 чемоданға салып, Ақтөбеден Лондонға жалғыз келген. Әшекей бұйымдары мен сәнді сөмкелерін қоса есептегенде қолмен кестелеп тігілген әр көйлегінің салмағы әжептәуір. Қалыңдық сәукелесінің өзі 6 келі тартады. Шетелдік көрерменге ұсынған топтамасы «Наурыз» деп аталады. Ұлттық киімдерден бөлек күнделікті өмірде киюге арналған сәнді көйлектері де бар.
– Батыс Қазақстандағы ұлттық киімдердің басты ерекшелігі, әлбетте оюларында. Гүл формасындағы сурет көптеп кездеседі. Қанық қою түстер де ерекше әр беріп тұр. Әр костюмге сәйкесінше әшекей бұйымдарды да таңдадық. Қыз баланың ажарын аша түсетін сырға, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын шашбауы да бар, – деді дизайнер С.Наурызалина.
Үзіліс кезінде қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Әр ел қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа аударды. Іс-шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Болашақта оны жыл сайын ұйымдастыру жоспарланған.