Шекарашының әр күні – ерлік

Рафхат Тайкенжин шекара сапында 2012 жылдан бері қызмет атқара­ды. Ол – Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Жәнібек басқар­масы «Қайрат» заставасының аға нұсқаушысы.

Рафхат 2023 жылы жазда анасынан адасып қалып, жоғалып кеткен үш жасар Айару есімді қызды тауып, ата-анасына аман-есен табыстаған болатын. Осы ерлігі үшін шекарашы жігіт «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Рафхат Тайкенжин – облыс шекара­шылары арасында тұңғыш рет «Ерлігі үшін» медалін алып отырған адам. Қа­зақ­стан тәуелсіздігі жылдарында Батыс­тан бірде-бір шекарашы «Ерлігі үшін» төсбелгісін алмаған. 

Жұрт ұйқыда жатқанда ел шетін кір­пік қақпай күзететін шекарашы­лардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Ұлттың тұтас­тығы мен қауіпсіздігі осы шекарашылар­дың қолында. Өмірін қауіпке тіге жүріп біздің шекарашылар қоғам өміріндегі басқа да оқиғаларға араласып жатады. 

БҚО Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауы­лында былтырғы тамыз айында полиция бөлімшесіне 3 жасар қыз баланың жоға­лып кеткені туралы хабарлама түседі. Бүлдіршінді іздеуге дереу полиция мен еріктілер, ауыл тұрғындары жұмыл­дырылады. Кешкі 8-ден бастап түнгі 11-ге дейін жүргізілген іздеу нәтижесіз бо­лып, ауыл тұрғындары шарасыз күй­ге түсе бастайды. Осы кезде «іздеу жұ­мы­сына шекарашылар қосылсын» деген бұйрық бойынша Жәнібек аудандық ше­кара заставасының шекарашылары 3 жасар бүлдіршінді іздеуге кірісіп кетеді. Іздеу жұмыстарын бастамас бұрын Рафхат Тайкенжин Айарудың киімдерін алып, оны қызметтік иті Ройтерге иіскетеді. Иә, бұл қызметтік ит адамның ізіне иіс бойынша түседі. Осылайша, Рафхат өзі қолына Айарудың киімін алып, итін ертіп ауылды шарлап кетеді. Осы кезде ізге түскен ит шекарашыны далаға қарай сүйрей береді. Өзі жас­тайынан алып, үй­ретіп, тәрбиелеп алған төрт аяқты се­рі­гіне сенген шекарашы ит жетелеген бағытқа еріп жүре беріпті. 

– Ройтер ізге түсті. Ол Айару жүріп өт­­кен із бойынша иіспен жүрді. Олар өте сезімтал болады. Сол ізбен ол мені далаға алып барды. Мен итке еріп әрі жүгірдім, бері жүгірдім. Шамамен 6 ша­қырымдай жүгірген болармыз. Бір ме­зетте Ройтер мені каналға қарай жетелей бастады. Каналдың түбіне келген бойда Ройтер үріп белгі берді. Жақындап қарасам, Айару екен. Қатты қорқып қалған. Сол күні күн қатты суық болды. Әсі­ресе, түн мезгілі кәдімгі ыз­ғарлы еді. Айару қатты тоңып қалыпты. Қып-қызыл болып кеткен. Мен кішкентай бүлдіршінді дереу өзімнің қызметтік киі­міме орап алып, ауылға тартып отыр­дым. Айаруды тапқанда сағат таңғы 4 еді, – деп еске алады сол күнді шекарашы Рафхат Тай­кенжин. 

Шекарашы қыз баланы дереу поли­ция бөлімшесіне алып келеді. Сол жерде бүлдіршінді дәрігерлер қарап, оның аман-сау екеніне көз жеткізіп, анасына табыстайды. Көпшілікті қыз бала қалай жоғалып кетті деген сұрақ мазалайды. 

Шекарашының айтуынша, әйел адам қонақтан келе жатып, жолшыбай таксиге отырады. Ауыл маңында таксиден түсіп өзі үйіне кетіп қалған. Әйел адам қызым еріп келе жатыр деп ойлап, қызды іздемеген. Бір мезетте ғана қызының жоқ екенін біліп, дабыл қаққан.

– Отан қорғау – абыройлы міндет. Біздің бөлімшедегі әрбір қызметкер мұны терең сезінеді. Бөлімше ішіндегі темірдей тәртіп бәрінен маңызды. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Бір қарағанда шекарашылардың өмірі бір сарынмен өтіп жатқан бөлек бір әлем секілді көрі­нетін шығар. Алайда олай емес. Шекара маңында болған әрбір жағдай назары­мыз­дан тыс қалмайды. Қарауы­мыз­да із кесуге машықтанған иттер бар. Өзім бір ерекше ерлік жасадым деп есептемеймін. Менің орнымда болса барлық адам осы бүлдіршінді тауып, анасына табыстар еді. Маған ол бүл­діршінді табуға көмектескен Ройтер есімді итім ғой, – деп күлді шекарашы Рафхат. 

Рафхат негізінен осындай қызметтік иттерді жаттықтырумен айналысады. Ройтер де Рафхаттың өзі жаттықтырған сенімді серігі. 

 Олардың өмірі күнделікті қарбаласқа толы. Шекараны заңсыз кесіп өтпекші болғандарды ұстау, анықтау жұмыстары үздіксіз жүреді. Кешегі су тасқынында да шекарашылар шебі қалтқысыз қызмет етті. Өңірдегі шекарашылардың бәрі бө­гет соғу жұмыстарына жұмылдырылды. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы