Меркі өзеніндегі су деңгейі кө­терілді

Биылғы көктемде аспаннан тамшы су тамса үреймен отыратын күйге түстік. Олай дейтініміз, су айдындары арнасынан асып, су астында қалған үйлерді көріп жүрек шайлығып бітті.

Содан жауын жауса болды, жамбылдықтар да буынып-түйініп отыратын күйге түсті. Жуырда ғана Жасөркен ауылындағы үй аулаларын су алған жағдай жұртты алаңдатқан еді. Ал күні кеше Меркі ауданындағы өзендердің тасу алдында тұрған видеосы тұрғындарды тағы сескендіріп тастады.

Десе де, оқиға орнына жергілікті би­лік өкілдері дер кезінде жетіп, бұқа­раға басу айтты. Өзендердің арнасын аралап көріп, ауылдарға қауіп төн­бейтініне сендірді. 

«Қазгидромет» РМК өңірлік фи­лиалының мәліметінше, Жамбыл об­лы­сында 2024 жылғы 10-13 мамыр ара­лығында қатты жаңбыр жауады деп бол­жанған. Бүгінде су тасқыны жағ­дайы тұрақты.

Алайда жауын-шашынның сал­дарынан Меркі өзеніндегі су деңгейі кө­терілді. 10 мамыр сағат 20:00-ден бас­тап Меркі өзенінің арнасы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылуда. Су айдындарының жай-күйі мен то­луына үздіксіз мониторинг, бақылау шара­лары атқарылуда.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек, ТЖД бастығының орынбасары Е. Ақ­ыл­­беков және басқа да жауапты ла­уа­­зымды тұлғалар оқиға орнына же­дел түрде жолға шықты.

«Су қоймалары пайдалану ереже­леріне сәйкес жұмыс істеуде», – деген облыс әкімдігі ресми ақпарат таратты. 

Демек, өзеннің арнасынан асуы Меркі ғана емес, Т.Рысқұлов ауданына да қауіп төндірген екен. Сондықтан халықтың дүрлігуі орынды. Осы орайда аудандағы қазіргі жағдайды білмек мақсатта Меркі ауданының әкімдігіне хабарластық. 

«9-10 мамыр күндері күннің күрт жылуына және 11-12 мамыр күндері шамадан тыс мөлшерде жауын-шашынды болуына байланысты Меркі және Аспара өзендеріндегі су деңгейі көтерілді. Су тасқынының алдын алу мақсатында аудан әкімдігі мен аудан­дық төтенше жағдайлар бөлімінің шұ­ғыл түрде бірлескен іс-қимылдар жос­парын жасап, төтенше жағдайлар бө­лімі және жауапты мекемелердің қыз­меткерлері мен техникалары жұмыс атқарды. Меркі өзені бойындағы 

С.Сей­­фуллин және Ә.Исмайлов көшесі бойындағы автожол көпірлеріне кү­шей­ту жұмыстары жүргізілді.  Меркі ау­даны бойынша 5 дана мотопомпа және 2000 дана қап, 120 дана күрек дайындалып, ауылдық округтерден ерікті жасақтар құрылды. Су деңгейінің көтеруіне байланысты өзен арнасын­дағы тал-тарақтарды тазалау жұмыс­тары жүргізіліп, өзен арнасында судың кедергісіз ағып кетуіне жағдай жасалды. Нәтижесінде, төтенше жағдайлар бол­ған жоқ», – дейді Меркі ауданы әкімінің баспасөз қызметі. 

Бұл ақпарға сүйенсек, қауіптің беті күш жұмылдыру арқылы ғана қай­тарылған екен. Демек, тиісті шаралар дер кезінде атқарылмаса, оның арты не боларын ойлаудың өзі қиын. 

Меркіліктердің айтуынша, 11 ма­мыр күні Меркі өзеніндегі судың көлемі секундына 25 текше метр, ал Аспара өзенінің су көлемі 11 текше метрге дейін жеткен екен. Алайда 12 мамыр күнгі ақпарат бойынша Меркі өзеніне түскен су көлемі секундына 8 текше метрге, Аспара өзенінде 5 текше метрге төмендеген. Осылайша, қауіптің беті сейіліп отыр. 

Дегенмен Меркі мен Аспара өзен­дері жіті бақылауға алынып, комму­налдық мекемелер штаттық режимде жұмысты жалғастыруда. Жағдай аудан әкімінің тікелей бақылауына қойыл­ған. 

Бұдан бөлек, Меркі ауданы бойын­ша төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мақсатында шұғыл әрекет ету жасақтары құрылған. Ол жа­сақ 60 адам және 22 арнайы тех­никадан тұрады.

Әрине, апат айтып келмейді. Сон­дықтан төтеншеліктердің қандай жағ­дайға болмасын сақ отырғаны қуан­тады. Алайда босаңсуға  негіз жоқ. Жа­уап­тылар Меркі мен Т.Рысқұлов қана емес, өзге аудандардағы жағдайды да тұрақты бақылауда ұстап отыр деп сенеміз. Өйткені қарғын су қателікті кешірмейтінін анық көрсетті. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы