Әлеуметтік желіде мешітте намаз оқып тұрған ер адамды соққыға жыққан тұрғынның видеосы тарады. Бүгінде оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Ал құқық бұзушылық болған мешіт имамы жағдайдың қалай болғанын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпы мешіттегі намаз оқу ережесі қандай? Шымкентте өзге мәзһабта намаз оқыған ер адам соққыға жығылды. Оқиға қаладағы Абдусаттар Сманов мешітінде орын алған. Видеодан мешітте намаз оқып жатқан жамағатты көруге болады. Бір сәтте ер адам күтпеген жерден қасында тұрған азаматты ұрып құлатып, аяғымен тепкілей бастайды. Құқық бұзушылық орын алған мешіт имамы бұл оқиғаның мән жайын түсіндірді.
«Өзге өңірден келген 10-15 шақты азаматқа намаз алдында имам бірнеше рет ескерту жасаған. Бізде ҚМДБ бойынша, ішкі тәртіп бойынша бүкіл Қазақстан аумағында Ханафи мәзһабында «әминді» іштен айтылады деп ескертілді. Және де осы ескертуге құлақ аспастан бірнеше рет намазды бұзуға, имамның жұмысына кедергі жасаған азаматқа шыдай алмаған жамағатымыз оны қатты эмоцияға беріліп, қол жұмсап жіберді», – дейді Абдусаттар Сманов мешітінің имамы Берік Шотабеков.
Бүгінде оқиғаның мән-жайын полиция тексеріп жатыр. Белгілі болғандай, бұл жағдай 12 мамыр күні кешкі 19:00 шамасында болған.
«Оқиға қатысушылары полицияға арызданды. Тағайындалған сараптамалардың нәтижесімен процессуалды шешім қабылданады», – деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінен.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады. Ескерте кетсек, бекітілген «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін еліміздегі намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.