«Корея мен Жапонияға виза әперемін»: Адамдарды алдап, алаяқтық жасаған блогер ұсталды

Бүгінге дейін оның үстінен 15 адам полицияға арыз түсірген.

Алматыда азаматтарға Жапония мен Кореяға виза алып беруді уәде еткен блогер ұсталды. Оған бірқатар алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы өз блогында Жапония мен Кореяда ақша табудың жолдары туралы айтып, қажетті құжаттарды рәсімдеп беруге уәде берген. Ол бұл қызметі үшін адамдардан 500 мың теңгеге дейін мөлшерде ақы алған.

«22 жастағы күдікті ұсталды. Тергеудің осы кезеңінде оның үстінен 15 адам полицияға арыз түсірген. «Қызметі» үшін алдын ала төлем сомасы 100-ден 500 мың теңгеге дейін болды. Алданған адамдар бұдан да көп болуы мүмкін. Күдіктінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұраймыз: 8-707-142-01-11 және 8-702-777-11-40», – деді Медеу аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Тимур Мулинов.

Айта кетейік, ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.