Маңғыстау облысында 2008 жылғы жастардың отау құрған видеосы желіде оқырмандар арасында қызу пікірталасқа түсті. Бірі жас жұбайлардың некесіне қолдау білдірсе, енді кейбірі олардың білім алуы керегін айтып, наразы болған. Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Жайылхановтардың отбасы қуанышты хабарды бөлісіп, той туралы толығырақ айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл – Жайылхановтар әулеті. Отбасы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүбірлетіп той өткізген. Той туралы әулеттің туысы (атын жасыруды өтінді) айтып берді. Себебі жас ата-ене сапарға шығып кеткендіктен, жауап беруге уақыты болмады.
“Жас ата-ененің өздері 2007 жылы отау құрып, 2008 жылы үлкен ұлы өмірге келді. Үйленіп жатқан сол ұл. Жалпы ағам мен жеңгем екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп отыр. Ағам 1985 жылғы болса, жеңгем 1990 жылғы. Отбасымыз үлкен, Жайылхановтар әулетіміз”, – деді маңғыстаулық ару.
Маңғыстаулық қыздың сөзінше, үйленіп жатқан жігіт пен қыздың екеуі де 2008 жылы туған.
Десе де жастай үйленген ерлі-зайыптыларға екі жақтың туыстары қарсы болды ма деп сұрап көрдік.
“Жаңа түскен келін әжеміздің шөбере келіні. Қазір үйдің ұйытқысы болып отырған әжеміздің жасы 82-де. Апамның айтуынша, ол өзі 15 жасында келін болып түскен. Бүгінде анамыздың үш ұл мен үш қызы бар. Екі жақтың ата-аналары да қарсы болған жоқ. Бұрыннан бір-бірін білетін, ескі таныс адамдар ғой. Жас жұбайлардың екеуі де колледжде білім алып жатыр. Қазір олар ата-енесінің қолында тұрып жатыр", – деді әулеттің немере қызы.
Видеоны көрген желі қолданушылары жарыса пікір жазды. “Ене болмақ түгілі, әлі 1990 жылғы тұрмыс құрмаған қыздар бар шығар?”, “Мен 1989 жылғымын, қызымды 2008-де тудым. Бірінші курс студенті, бірақ байға ерте әлі деп ойлаймын. Мен өзім есейіп үлгерген жоқпын”, “Ерте үйленіп, ерте тұрмысқа шыққанның несі жақсы?! Бәрі өз уақытымен болу керек. Жастық шақ дегенді білмей бірден отбасылық өмір басталып кетеді. Неге асығасыңдар? Бәріне үлгересіңдер”, “Өмірде бәрі болады. Күйеуім екеуміз де 1985 жылғымыз. Ұлым 2005 жылғы болса да, балам келін әкеліп тұрмасын деп күнде қорқамыз. Өзім бұйырса алтыншы балама аяғым ауыр. Балам үйленбей тұра тұр деп айтып жатырмыз” дейді оқырмандар.
Сондай-ақ желі қолданушыларының арасында 1988 жылғы бола тұра құда-құдағи атанып, жиендері дүниеге келгенін айтып жатқандар бар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.