Есту қабілеттері төмен өнерпаздар сахналаған қойылым көрермендерді ертегілер әлеміне жетелеп, өмірдің философиялық мәніне терең үңілуді және адамдар арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қарауды үндейді.
Спектакльге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор арнайы барды. Палата Спикері театр әртістерінің шеберлігін жоғары бағалап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ортаға бейімдеуде және оларды оңалтуда өнердің атқаратын рөлі зор екенін айтты. Сондай-ақ ол елімізде аталған санаттағы адамдарды қолдауға ең жоғары деңгейде баса мән беріліп, бұл бағытта кешенді және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар Сенат Спикері өздерінің қажыр-қайратымен барша көрерменді жігерлендіріп жүрген SENSITIVЕ би ансамблінің ұжымына және жобаның көркемдік жетекшісі, талантты жастардың дарынын шыңдап, оларды жаңа жетістіктерге жетелеп келе жатқан Ольга Ростовщиковаға алғыс білдірді.
Айта кетейік, SENSITIVЕ театры осыдан 18 жыл бұрын Петропавл қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернаттың базасында құрылған. Қазір елімізбен бірге бірқатар шет мемлекетте де аты мәлім бұл өнер ұжымы көптеген халықаралық байқау мен фестивальдың лауреаты.