Дудар-айым, Дудым,
Бір сен үшін тудым…
…Осы мәтінді оқып-ақ, бірден әндеткіңіз келгер шығар? Әрине, аталмыш әнді білмейтін қазақ жоқ. Әншілердің мықтысы да, осалы да осы әнді айтқан шығар. Біздің уақыттан да бұрын бұл ән айтылған екен. Даңқты Әміре Қашаубаев Париж, Франкфурт, Мәскеу сахнасында «Мариям Жагор деген орыс қызы» деп шырқаған.
Бірнеше күн бұрын ғаламтор кеңістігін парақтап отырып, бір қызық аудиожазбаға тап болдым. Мәтіні французша жазылған екен. Орындаушысы Шаляпин деп тұр. Әннің атауы – «Дудар-ай». Мұның біздің ән екенін бірден түсіндім. Оны кім айтпай жатыр қазір?! Дегенмен «Шаляпин» фамилиясы ерекше қызығушылығымды тудырды. Білген адамға бұл – қарабайыр әнші емес, кәдімгі орыстың Әміресі. Орыс түгіл, әлем мойындаған әнші. Бұның қызығы алда болар деп, ақпарат кеңістігін әрі қарай парақтай кеттім. Сөйтсем, ғаламторда тұрған аудиожазбамыз грампластинка екен. Тыңдап әрі мұндағы жазуды жақындатып оқып көрдік. Әнді айтатын – Федор Шаляпин емес, қызы Лидия. Ән орыс тілінде.
Әнші жайлы сөз қозғамас бұрын, алдымен әнші жайлы аз-кем ақпарат беріп, оның ғұмыр жолына тоқталып өтейік. Лидия Шаляпина (1901−1975) – атақты опера әншісі Федордың ортаншы қызы. Тек ән емес, актерлік өнерге де көп қызығыпты. Шамамен 1920 жылдары Ресейден кетіп, Еуропада тұрақтайды. 1923 жылдан бастап, Парижде орыс иммигранттарына ән айтып жүрген. 30-жылдары біржола АҚШ-қа көшіп, өмірінің соңына дейін сол жақта тұрыпты.
Енді назарымызды пластинкаға аударайық.
Әннің атауы «Дудар-ай» деп тұр. Қазақстандағы орыс халық әні дейді. (Chanson populaire russe du Kasackschtan)
Әнді өңдеген (немесе оркестрге лайықтаған) – Максимилиан Штейнберг (1883–1946) (Maximilien Steinberg). Ол өткен ғасырдың басында танымал музыкант болған. Ленинград консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы. Ғұмырнамасын оқып отырып, көптеген музыканы өңдеп, оркестрге лайықтағанын білдік.
Кейін пластинканың төменгі жағындағы жазуда ән орыс тілінде айтылатыны (chantée en russe par) және ән айтатын Лидия Шаляпина екені жазылған.
Ал оркестрге дирижерлік жасаған Юлиус Эрлих (1894–1976) (Julius Ehrlich) есімді азамат екен. Түсініктемеде «Ленинград консерваториясының дирижёрі» деп жазылған. Бұл дирижёр негізгі шығармашылық ғұмырын Германияда өткізіп, бірнеше жыл Ленинградқа келіп, қайта Еуропаға кетіп, ақырында мұхит асады.
“BIEM” фирмасы. “fabriqué en France”, яғни Францияда жасалған деп тұр.
Енді пластиканың жазылуы жайлы бірер сөз қозғайық. Біз тапқан каталогте оны 1935 жылы шықты деп тұр. Жазылған уақыты 1920-1935 жылдар арасы дейді. Пластинканың бір жағында «Дудар-ай», екінші жағында «Алтай» деген ән. Оқырмандарға бірден ескерте кетейін, бұл бізге қатысы бар Алтай емес. Тексеріп көрдік. Ән мәтінін Маяковский 1923 жылы Барнауылға барған сапарында жазыпты.
Бұл әннің таспаға жазылған уақыты 1930-1933 жылдар арасы болса керек. Өйткені дирижер Юлиус Эрлих дәл осы жылдары Ленинград консерваториясында қызмет еткен.
Енді ең қызығына келейік, Шаляпиннің қызы бұл әнді қайдан естіп жүр? Әрине, әнді оны жатқа білген Затаевич беруі мүмкін деп жорамалдауға болады. Бірақ екеуі таныс болды деген дерек жоқ. Тіпті, Лидия Федоровна 1920 жылдары Ресейден біржолата кеткенін ұмытпайық. (Жазушы Максим Горький бірнеше хат жазып, «қайтсаңшы» деп үгіттесе керек).
Енді біздің жорамалымызды тыңдаңыз. Жоғарыда Лидия әнші 1923 жылдан бастап, Парижде орыс босқындары жиналған клубтардың тұрақты қонағы әрі әншісі болғанын жаздық. Дәл осы Парижге 1925 жылы Әміре барады. Мұстафа Шоқаймен бірнеше рет кездескен Әміре бір айға жуық уақытта Парижді қызықтап, адам көп жиналатын жерге бармады дейсіз бе?! Сол жерде кішігірім сахнада әнші қызды көріп, өзі де шабыттанып ән айтуы мүмкін ғой?
Қала берді Әміре Парижде әр аптаның жұма мен сенбі күндері сахнада концерт бергенін білеміз. Сол бір кеште Лидия келіп, тыңдап, әнге ғашық болуы әбден мүмкін.
Содан кейін нотаға түсіріп, поштамен сол кездегі мықты маман Штейнбергке «оркестрге түсіріп берші» деп сәлемдеме беріп жіберген-ау деп ойлаймыз. Уақыт өте Ленинградта жұмыс істеп жүрсе де, шетелдік оркестрлермен үнемі концертке шығу үшін сапарлатқан ол дирижёр Эрлихпен бірігіп, әнді таспаға жазады. Ал жазылған жері Париж екені айдан анық.
Қайдан білейік, мүмкін Лидия Шаляпина Парижбен қоса, Лондон мен Берлин, кейін АҚШ сахналарында да «Дударлатып» жүрген болуы да мүмкін.
Енді ән мәтініне зер салайық. (Қызығы сол, қазақшадан орысшаға аударылған ән мәтінін қайта қазақшаға аударып көрмекпіз)
Біз мұны тек қазақшаға тікелей аударып оқыдық. Ешқандай көркемдік жоқ. Сонда былай болып шықты:
Қыр асқан соң, жолымыз екі өзеннің арасында,
Құндыз бөрігің басыңа жарасып тұр.
Дудар-ай, тезірек келші!
Басқа да үміткерлер келіп жатыр, – дейді. Иә, әннің алғашқы шумағын аударып жатып, біраз ойланып қалдық. Сол мезетте бірден Әміренің өз дауысын қойып, әнді тыңдай жөнелдім. Байқап қарасам, дәл сол мәтін екен. Тек орысшаға аударылған мәтін.
Әміренің орындауындағы нұсқа былай еді ғой:
Ащы көл, тұщы көлдің арасы бір,
Басыңа кәмшат бөрік жарасып тұр.
Дудар-ай, келер болсаң, тезірек кел!
Орныңа жақсы, жаман таласып жүр. Көрдіңіз бе? Мағынасы да дөп түсіп тұр. Әннің бірінші шумағы да, екінші шумағы – сол. Осыдан кейін Лидия Шаляпина бұл әнді Әміренің өз аузынан естігеніне қалай сенбессіз? Әрине, пікірімді ешкімге таңбаймын. Бірақ жеке басым бұған толық сендім, тіпті еш күмәнім қалмады.
Рүстем Нүркенов,
өнер зерттеушісі