Әл-Фараби түрік-ислам руханиятының бастауы

Соңғы кездері елімізде ұлы тұлғаларға негізсіз жала жабу процесі басталып кеткен сыңайлы.

Тұлғаның өмір сүрген кезеңі мен географиясынан аттап, негізсіз пікірлерді алға тартып, қоғамды шатастырып жатқан әлеуметтік желі арналары да жоқ емес. Біз бар ғұмырымызды осы фарабитануға арнаған соң үн-түнсіз жатуды жөн санамадық. Сондықтанда осынау мақаланы назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын мұсылман мәдениеті адамзат өркениетінің даму тарихында маңызды рөл атқарған әрі бүгінгі күнге дейін түрлі әлем елдерінің түрлі өмір аясына әсер етуін жалғастыруда. Осыдан мұсылмандық Шығыс халықтарының рухани құндылықтарын философиялық зерделеуге деген табиғи ұмтылыс пайда болып отыр.

Ортағасырлық ислам мәдениеті мен философиясы өз дәуірінен озып, бүгінгі күнде де адамзат игілігі үшін қызмет етуде. Екінші ұстаз атанған  Әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтады. Ол өзінің керемет философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным, түркілік интеллект мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін бүкіл Еуропаға паш етті. Ортағасырлық Ислам ренессансының Еуропа ғылымына жасаған ықпалы Еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келіп, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуірінің бетін  ашты.

Ислам мәдениетінің гүлденуі ортағасырлық ислам философиясының ірі өкілдері Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина, Әл-Ғазали, Ибн-Рушд сынды алып тұлғаларды өмірге алып келді. Ең бастысы, мұсылмандық Шығыс эллиндердің ұлы рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.

Ортағасыр ислам философтары Аристотель мен Платон трактаттарын араб тіліне аударып, шығыс перипатетизмінің негізін қалады. Испандық перипатетизм өкілдері араб тілінен латын тіліне аударды. Бұл аударма қолжазбалар бүкіл Еуропаға таратыла бастады. Кейінгі ұрпақты естен шыға бастаған эллиндердің рухани мәдениеті мен еркін ойлауға, өмірге деген сүйіспеншілік көзқарастар негізінде тәрбиеленді. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада ренессанс ұғымы дүниеге келді. Ренессанс – бұл эллинизмнің Еуропадағы өркендеуі. Ол Ежелгі Грекия мен Ислам әлемінде бастау алған генетикалық бай тұқым болды. Осыдан бастап Батыстық алып өркениеттің алып ағашы өсіп шықты. Бұл Батыс пен Ислам өркениетінің сұхбаттасуының дәлелі.

Ислам философиясының тарихына көз жүгіртетін болсақ, Әл-Фараби рухани әлемінің қаншалықты биік жоғары деңгейде болғанына көз жеткіземіз. Философияда Фараби иждихад дәрежесіне көтерілді, сондықтан да ол фикх, қалам секілді ілімдер бойынша өз ойын білдіріп қана қоймай, сол мәселелер бойынша лайықты шешім қабылдай алатын еді.

Осындай аса маңызды айғақтарды айтып өтпей Әл-Фарабидің ішкі рухани дүниесін ислам философиясы тарихындағы орны мен дәрежесін айту мүмкін емес.

Біз әртүрлі діни ғылымдар бойына өздерінің терең ойларымен белгілі болған ортағасыр ислам философтарын еске алып салыстырар болсақ, орта ғасыр тарихшылары мен ғалымдарының философия тарихындағы Фарабидің дәрежесі олардың дәрежесіне қарағанда әлдеқайда жоғары екеніне сенімді болды. Фарабидің өздерінің идеологиялық қарсыластарына тигізген әсеріне көңіл аударатын болсақ, еш талассыз, оның дәрежесі мен философиялық ойлау мәдениетінің жоғары екені тайға таңба басқандай-ақ көрініп тұр.

Бұл критерийді әл-Фарабидің өзінің философиясынан іздеу керек. Егер біз әл-Фарабиді – ислам философиясының негізін салушы деп айтатын болсақ, одан кейінгі ойшылдардың талқылап ой қоса алатын өзіне тән философияық принциптері мен идеяларының болғаны шүбәсіз. Бұл қандай негіздер мен принциптер? Бұл негіздердің ежелгі гректік және александырлық философиялық мектептердің ойларынан қаншалықты айырмашылығы бар?

Әл-Фараби және оның ізбасарларының антикалық дәстүірді бойларына қалай сіңірді. Әл-Фараби философиялық рухани әлемінің қалыптасуына антикалық философияның нақтырақ айтсақ, Аристотель философиясының ықпалы қалай болды? Оны қалай зерттеді?

Біз әл-Фараби және оның ізбасарларының ежелгі грек философиялық мектептерінің еңбектеріне тек қана комментарий жасаумен шектелмегенін білеміз. Белгілі неміс философы Мартин Хайдеггер ортағасырлық мұсылман философтары жайлы айтқанда былай ой тұжырымдайды: «Әрине олардың (ортағасыр философтары) Аристотель философиясын түсінбеді деген жалған болар еді. Олар оның философиясын жаңа қырынан ғана көріп қоймай, оған жаңа мән мен талғам берді», - дейді.

Демек, әл-Фараби де және оның ізбасарларының да  ежелгі грек философиясын соқыр таныммен зерттемей, оны терең түсіне білді.

Аристотель мен Платон философиясы арасында қайшылық бар, бірақ күмәнсіз оның себебі әл-Фарабидің оларды дұрыс аудармағанында емес. Әл-Фараби жаңа философиялық түсініктер орната отырып соларға сай нәтижелерге жетіп отырды. Бұл нәтижелердің көрінісін дінде, діни заңнамаларды, саясат пен ғылым салаларында байқай аламыз. Бұл енгізілген «жаңашылдықтарда» әл-Фарабидің философиялық принциптері мен философиялық көзқарастарының ең алғашқы бастауы ретінде дін қаралады, әрине дін бұл жерде ерекше философиялық ғылым ретінде қаралды. Дін мен филсофия сонау софистер заманынан бері бір-біріне қарсы қарастырылып келді. Сократқа тағылған айыптардың бірі оның діни құндылықтарды мойындамай, онымен санаспауында еді. (яғни, ол философияны діннен жоғары қойды).

Бірақ ортағасырларда дін мен философияның бірлігі мәселесі  ислам философиясындағы алдыңғы тақырыптардың бірі болды. Әл-Кинди әл-Фарабидің ойына қарсы пікір айта отырып, филсофия мен дін екі түрлі қарама-қарсы күштер және олар дүниені түсіндіру мен ақиқатқа жету жолында әртүлрі позиция ұстанады деген ойда болды. Фарабидің ойынша философиялық ақиқат сияқты діни ақиқатта бар, бірақ бұл бір ақиқаттың екітүрлі көрінісі сияқты.

Философия арнайы заңдар мен аргументтер, дәлелдерге негізделіп жасалатын болса, ал дінде осындай аргументациялар мен дәлелдердің үнделуі мен бұйырылуы түрінде көрініс береді. Жоғарыдағы сөздерді қорыта келе, әл-Фараби философияның дінмен салыстырғанда алғашқы бастама ретінде атап өтеді. Әл-Фараби бұл жерде философияның алғашқы бастама болуы оның ең бірінші әрі айқын артықшылығы етіп көрсетуге тырыспайды. Бірақ ол философияның дінмен салыстырғанда пайда болу уақыты тұрғысынан алғашқы болуынмен қатар ол барлық жағынан діннен жоғары тұратынын айтып өтеді. Әл-Фараби тіршілікте философия мен дін арасында ешқандай қарам-қайшылық көрмегендігін көрсетеді. Оның басты мақсаты философия мен дінді татуластыру.

Осы ойлармен тығыз байланысты әл-Фарабиді екі маңызды сұрақ қатты толғандырған:

-        Платон мен Аристотель философиясы арасындағы қарама-қайшылықты жоққа шығарып оларды татуластыру;

-        Ислам дүниетанымы мен ежелгі грек философиясы арсындағы қарам-қайшылықты жоюға тырысқан.

Сол уақыттарда грек философиясына қарсы бағытталған басты сын Платон мен Аристотель арасындағы қарама-қайшылықтың бар екендігі еді. Егер философия біртұтас ақиқатты танымға әкеле алса, онда екі ең танымал философиялық жүйелер бір-біріне қалай қарсы тұрады? Егер олардың  екеуі де ақиқатқа жетсе, онда олардың арасында ешқандай қайшылық болмауы тиіс еді; қарама-қайшылық бола тұра екі философиялық жүйе де дұрыс деп танылса, онда философияның жетілмегендігі мен ақиқатқа жеткізетін қабілетінің жоқтығын амалсыздан көрсетіп отыр – сол дәуірдегі философияны сынаудың бірінші бөлімі дәл осыдан тұрады.

Әл-Фараби осы сынға жауап ретінде «Әл-джам бейб фай әл-хасимет Ефлбум әл-иляхи уа Аристо» («Екі дана Құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі») кітабын жазады, ол кітабында Платон мен Аристотель арасындағы айырмашылық тілдің әртүрлі қолданулары мен екі философтың бір-біріне ұқсамайтын өмір сүру салттарында екендігін көрсетуге тырысты; негізі ойшылдардың философиялық көзқарастары мәні жағынан бірдей еді. Кітаптың басында әл-Фараби философияның пәні туралы айтады және ғылымға талдау жасайды, содан кейін Платон философиясынан қысқаша мазмұн келтіреді, ал кітаптың соңғы бөлімінде Аристотель философиясының негізігі сипаттамаларын көрсете келе, екі ойшылдың да ойларының бір-біріне ұқсайтындығын  айтады.

Баршамызға мәлім болғандай, екі гректің философиясын «татуластыруды» ІІІ ғ. өзінде александриялық философия мектебінің өкілдері Аммоний мен Порфирий жүргізген болатын; сонда да Әл-Фарабидің қозғаған ойы басқаша еді.

 Әл-Фарабидің ойы бойынша, философия ақиқаттың өзі және Ақиқат туралы білімді іздеу үдерісінің атауы, сондықтан барлық ұлы ойшылдар мен философтар бірдей ойлайды және бір қорытындыға келеді; осы жағынан алғанда олардың барлығы Ақиқатты іздеу мектебінің шәкірттері, сондықтан әртүрлі филсофтардың арасындағы айырмашылық сол бір Ақиқатты әртүрлі әдіспен жеткізуден басқа ешнәрсе емес. Платон мен Аристотель философиясын татуластыруға Әл-Фарабиді итермелеген тағы бір себеп сол уақыттағы ислам дүниетанымына қарсы келген Аристотель философиясын Платонның философиялық оқуларымен «жұмсартуға» тырысу.

Әл-Фараби үшін адами ойлау ретіндегі философия мен құдайылық туындау жүйесі секілді даналық арасындағы ғасырлар бойы үзілген баайланысты қалпына келтіруге тырысқан, құдайылық даналыққа қарсы тұрмайтын ақиқатты философияны көрсеткен Платон мен Аристотель өз дәуірінің прогрессивті ғалымдары болды.

Ал енді Әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығы, осының арқасында оның Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанып, даңққа ие болғанын айтар болсақ, Әл-Фараби жастайынан Ұлы Аристотель мен Платонның ерте дүниедегі Грецияның философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде деректер бар.

Әл-Фараби рухани әлемінің қалыптасуы да осы антикалық философиялық дәстүрді бойына сіңірумен байланысты. Анығырақ айтсақ Аристотель мен Платон философиясы Әл-Фараби ойларының теориялық қайнар көз болды. Платонның (неоплотонизмнің) және Аристотельдің философиясы Әл-Фарабидің философиясының теориялық негізі болғанымен, оның дүниетанымын тек қана плотонизм мен аристотелизмнің қосындысы деп білуге болмайды.

Әл-Фараби Аристотель мен  Платонның, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Оның рухани әлемі, интеллектуалды деңгейі өз замандастарын таң қалдырады. Әл-Фараби өз заманындағы өнер білімінің ең асылын таңдап алып, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, зер салмаған, ғылыми болжам жасамаған бірде-бір ғылым саласы жоқ десек, артық айтқандық емес.

«Мұсылман Ренссансы» деген атауға ие болған сол заманға тән белгілері оның шығармаларынан белгілі бір дәрежеде өз орнын алды. Фараби шығармашылығында антик заманындағы дәстүрдің және «Бірінші Ұстаз» деп Шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарихтың басында қалдырған әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Әл-Фарабидің Аристотельге бас игені сөзсіз. Сол сияқты ол Аристотельдің идеяларының ең жақсылары мен бағалыларын әрдайым таңдап ала бермейтіндігі де даусыз.

Бірақ біз үшін бағалы жағы сол ол Аристотель ілімінің формальдық жағымен ғана шектелмейді, ол диалектика элементтеріне, мәселені қарама-қарсы қоюда белгілі бір дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының іргетасы болып табылатынын дәлелдейді. Мәселен, әл-Фараби өзінің «Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат» еңбегінде Аристотель философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірін ортаға салды.

Бұл ойларды түйіндеп айта келгенде, әл-Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап, ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, адамға, өз халқына деген таза махаббат, ғылым мен білімге деген қылтықсыз құштарлығы мен берілгендігі. Бұл шарт орындаламаған күнде адам философияны үйрене алмайды, үйрете де алмайды деп көрсетеді әл-Фараби.

Әл-Фарабиді дүниеге танытқан музыка теориясына арналған шығармаларының бірі «Музыканың үлкен кітабы» еңбегі болып табылады. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Ол тек музыка теориясын жазып қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай білген екен. Қазақ домбырасын дүниеге келтірген асқан музыкант ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фараби десек біз қателеспеген болар едік. Оған бірнеше ғылыми дәлелдер,  Фараби жасаған музыкалық аспаптар түрі куә бола алады. Оның шебер орындаушылығы жөнінде шығыс халықтары арасында күні бүгінге дейін айтылып жүрген көптеген аңыздар да бар.

Фарабидің бұл кітабы музыкалық дыбыстардың сипаты мен құрылымынан бастап, музыканың поэзиямен байланысына дейінгі «музыкалық ғылымның» мәселелеріне ғана арналмай, музыканың эстетикалық-теориялық принциптерін шешуге бағытталған. Музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде Фараби музыканың емдік қасиетін, жағымды әсерін жан-жақты дәлелдейді, сондай-ақ оның тәрбиелік мәні зор екенін баса айтты. Адамның музыка шығару қабілеті дарындылығы дәрежесінің әр түрлі сатысын көрсетіп, адамның жан дүниесіне жағымды, жағымсыз әсер ететін музыкалық жанрларға талдау жасайды.

«Музыканың үлкен кітабы»; музыка ғылымына кіріспе; музыка ғылымдарының негіздері; музыкалық аспаптар; музыкалық композиция деген үлкен-үлкен төрт тараудан тұрады. Фарабидің бұл еңбегі ХV ғасырда латын тіліне аударылып, Еуропа музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізді.

1930-35 жылдары француздың белгілі музыка зертеушісі Г.Эрланже француз тіліне аударған. Ол: «Фарабидің бұл еңбегін кейіннен араб тілінде жазған, авторлардан артықшылығы жер мен көктей» деп жазса, ағылшынның қазіргі үлкен бір музыка зерттеушісі Г.Фармер «Музыканың үлкен кітабы», «Фараби орта ғасырлардағы музыка жөнінде жазған ең үлкен автор болды деген пікірімізді дәлелдеп отыр» деп жазды.

Қазақстан ғалымдарының соңғы зерттеулері Әл-Фарабидің жаратылыстану-математика ғылымдары бойынша да аса терең, салдарлы мұра қалдырғанын анықтап отыр. Бұл, әсіресе, оның математика, астрономия, физика, медицина, химия, биология салалары бойынша жазған еңбектерінен айқын көрінеді. Ғұлама өзінің «Ғылымдардың шығуы туралы» атты трактатында табиғаттану ғылымдарының шығу төркінін, себептерін ашып көрсетуге тырысады. Оның пікірі бойынша табиғат әуелде жаратқан бір Алланың құдіретті күшінен пайда болып, одан былай өз  алдында дербес заңдылықтарымен өмір сүреді және бөтен ешнәрсеге тәуелді болмайды.

Ғұламаның математикаға қатысты еңбектері «Евклидке түсініктеме» геометриялық трактат, Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме, «Музыканың үлкен кітабы» және т.б. Ол математик ретінде өзара бір-бірімен тығыз байланысты үш бағытта зерттеулер жүргізіп, көрнекті жетістіктерге жеткен.

         Әл-Фараби әсіресе математика философиясы, геометрия, тригонометрия салалары бойынша ірі жаңалықтар ашқаны да бізге мәлім.

Енді  әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық рухани дүниетанымына келетін болсақ, этиканы ол ең алдымен жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі концепияларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондыктан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қорытындының басты түйіні — білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол акыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдіқ сұлулық хақында былай дейді: оның пікірінше, көркемдік өмір шындығының өзіне тән қасиет, ол болмысты нақты түрде бар құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік адамның денесі мен рухани жан дүниесінің адамгершілік қасиетінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.

Фараби «Бақыт жолын сілтеу» трактатында: Бақытқа, оған жетуге бастайтып жолға айрықша назар аударады. Әл-Фараби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін-өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек.

Адамның табиғи қабілеті өздігінше жақсы қылықты да, жаман қылықты да істеуге бірдей мүмкіндік береді.

Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлес келеді, осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-құлықтың жетілуі арасында байланыс туады.

Бір сөзбен айтқанда Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс екен, адам ақиқатты, тек айналадағы дүниені танып білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.

Әл-Фарабидің азаматтық саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары да, өзінің «Фусул ал-мадани» (Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері) трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әртүрлі болса да негізінен бір мақсатқа — адам мен қоғамның ара-қатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты— денелік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.

Фараби «Азаматтық саясатта» адам қоғамдарын талдауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде...» ол мұны ең кішкене ұядан отбасынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлекке — ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ каланың бір бөлшегі болғандыктан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің кала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.

Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандықка айналдырады.

Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше, философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал Әл-Фараби, керісінше, тіршлік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада Әл-Фараби дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше, дін-философияның ұқсасы: екеуі де жоғары принциптерге бар заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Фараби мемлекетті философтар басқару керек дейді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.

Имам — ең жоғары дәрежеде теориялық білімі және ойшылдық қайырымдылықтары бар адам, мұның өзі оған адамдарға акылшы, жетекші болып, оларды бақытка жетуге бағытталып отыруға құқық береді.

Сонымен, «философ», «заң шығарушы», «имам» және «бірінші басшы» ұғымдары бір нәрсеге келіп қосылады. Олар бір мақсатқа қызмет етеді, бірақ бұл мақсатты әртүрлі әдістермен жүзеге асырады. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама. Міне, көріп отырсыздар Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастарынан бүгінгі қоғамның көріністерінен пайдалы тиесілі үндестік табамыз. Адам, мемлекет, ел басқару жөніндегі Фарабидің өз заманында айтылған құнды пікірлерінің қазіргі таңда да қаншалықты маңызы барлығына көз жеткізіп отырмыз.

Түйіндеп айтқанда ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің философиялық, локикалық-гноселогиялық, әлеуметтік пікірлерімен, эстетикалық,   теориялық, жаратылыстану   ғылымдары салаларындағы пікірлерімен, ғылыми тұжырымдарымен жете танысу, оның дәуірін терең түсініп бойлауға мүмкіндік береді. Оның ғылыми ой пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр. Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фараби рухани әлемі адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы.

 

Жақыпбек АЛТАЕВ

Фарабитанушы, философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ,

Философия кафедрасының профессоры, «Парасат» орденінің иегері,

Халықаралық әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі