Instagram-да заңсыз лотерея ұйымдастырған павлодарлық блогер жазаланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Туризм жəне спорт министрлігінің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде заңсыз лотереялық ұтыс ойындарын ұйымдастыру жағдайлары жиілеп кетті. ҚР Туризм және спорт министрлігіне алданған азаматтардан түсетін шағымдар көбейіп отыр.
Ведомство қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп тұрақты негізде интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп келеді. Нәтижесінде өзінің Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырған павлодарлық блогерге қатысты әкімшілік бұзушылықтар туралы хаттама жасалды.
Сонымен қатар министрлік әкімшілік құқық бұзушылық туралы сотқа тағы 5 хаттама жолдады. Бұдан бөлек 35-тен астам жағдай бойынша хаттамалар дайындалып жатыр.
– Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңына сәйкес лотерея операторы немесе оның агенті емес адамның лотерея өткізуіне тыйым салынады. Осыған байланысты азаматтарға заңсыз лотереяны, оның ішінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз, – делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.