Әкімдік ғимаратында әупірімдеп оқып жүр

Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Арал ауданына қарасты Тоқабай ауылында апатты жағдайдағы білім ғимаратының орнына жаңа мектептің құрылысы басталады деп жергілікті әкімдік сүйіншілеген еді. Бұл балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы күй кешіп отырған ауыл халқын зор қуанышқа бөледі. Алайда заманауи ғимаратта сапалы білім алуға мүмкіндік артады деп сенген халықтың үміті әлі күнге дейін ақталмай тұр.

Жалпы, соңғы кездері Сыр­дың білім саласы сын садағынан түсер емес. Әсіресе, оқу сапасына қатысты түйткіл, сақалды құ­ры­лысқа айналған білім нысан­дарының келешегі көпті алаң­датады. Соның ішінде бір ғана Арал ауданындағы аталмыш білім ордасының құрылысы жар ортаға жетпей тоқтап, бүгінде жас ұрпақтың жайлы білім алуына жағдай жасалмай тұр. 

Жалпы, бұл ауылға жаңа білім ордасы 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда құрылыс жұмысына деген салғырттықтан болар, «қу кетті, іс бітпеді» дегеннің кері келіп, аталмыш мектеп араға көп уақыт өтпей апатты деп танылды. Айдың-күннің аманында қабырғасы қақырап, білім алуға жарамсыз күйге түсті. Соның салдарынан жаңа білім ошағын қайта салуға шешім қабылданды. Сол кездері аудан әкімі болған Серік Сермағанбетов Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты аталмыш Тоқабай елді мекеніндегі №248 мектеп аула­сында ауыл ақсақалдарымен кез­десіп, мектепке қатысты өзекті мә­селені талқылағаны ел есінде.

Осыдан кейін көп ұзамай ауылда қызу тірліктің табы байқалды. Ауыл халқы армандары ақиқатқа айналғанына қуанды. Бірақ көп ұзамай құрылыс жұмыстары қайта тұралап, қуаныштары су сепкендей басылды. 

«Ауылымыздағы мектеп құры­лысы қалай басталды, солай тоқ­­тады. Үш жылға жуық уақыт өтсе де бітер түрі көрінбейді. Ал балаларымыз ауыл әкімдігінің ғимаратында өлместің күйін кешіп, білім алып жүр. Бұл жайында талай мәрте айтып та, жазып та шағымдандық. Бірақ жұмыс жалғасатын түрі көрінбейді. Біл­уі­мізше, мектеп құрылысы жеке кәсіпкердің қаржысымен салынуда. Құрылыс аяқталғасын сатып алу жүйесі бойынша мем­лекетке беріледі екен. Алайда кәсіпкер білім ұясын жеделдете аяқтауға асықпайтын сияқты. Екі арада талапқа сай келмейтін тар кабинеттерде оқып жүрген балаларымызға обал болды», – деп мұңын шақты бізге ауыл тұрғыны Нағашыбай Сариев. 

Тұрғылықты халықтың ай­туын­ша, ауылда 153 бала екі ауы­суымен оқиды. Оған әкімшілік ғи­маратынан жеті бөлме сынып кабинеті ретінде жабдықталған. 

Негізінен сақалды нысанға айналған білім ұясының құрылысы 2021 жылы бастау алады. Жеке кәсіпкердің ықпалымен қолға алынған құрылыс жұмыстарына ауыл халқы тартылыпты. Алайда құрылыстың аяқсыз қалуына байланысты, ауыл тұрғындары нәпақасынан қағылса, балғындар­дың жаңа білім ұясында білім ала­мыз деген арманы көзден бұл-бұл ұшқан. 

«Мектеп құрылысының қарау­сыз қалғанына үш жылға жуықтады. Әлі де жалғасады деген үмітіміз күн өткен сайын өшіп барады. Төрт қабырғасы тұрғызылған нысан қар мен жаңбыр суынан мүжіліп, құрдымға кететін түрі бар. Ал оның жұмысын жандандыруға кә­сіпкер де, жергілікті әкімдік те құлықсыз сияқты. Жаңа оқу жы­лына да санаулы ай қалды. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ауыл балаларының алдағы оқу жылын тағы да әкімдікте жалғастыратын түрі бар. Халық осыған ашынып отыр», – деп ойын толықтырды ауыл тұрғыны. 

Аталмыш мәселе бойынша жауапты деген мекемелерге ха­бар­ласып көрдік. Алдымен Арал аудандық білім бөліміне бай­ланыс орнаттық. Бірақ бөлім тарапынан тоқабайлық жама­ғатты толғандырған мәселе төңі­ре­гінде ештеңе айтылмады. Облыстық білім басқармасына сілтеді. Ал Қызылорда облыстық білім басқармасы тарапы: «Біз нысанды қабылдап қана аламыз. Құрылыс жұмыстарына құрылыс басқармасы жауапты» дегенді алға тартты. Келесі кезекте Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан сұрап көрдік. Басқарма тарапынан: «Ол мектеп бойынша біз тапсырыс беруші емеспіз. Нысан демеуші есебінен салынып жатыр. Құры­лысқа Арал ауданы әкімдігі жауап­ты», – деген жауап алдық. 

Соңында Арал ауданы әкім­дігіне сұрау салдық. Аудан әкімдігі тарапынан қажетті ақпаратты жинақтап жіберетінін мәлімдеді. 

«Тоқабай елді мекеніндегі бір қабатты 100 орындық №248 орта мектеп құрылысы 2022 жылы мау­сым айында демеуші есебінен басталған. Құны 500 млн теңгені құрайтын жобаға тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болып табылады. Нысан құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде. Қажетті құрылыс заттары толық жеткізілген. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы орындалған. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.  Негізінен нақты уақытта мердігер Қазалы ауданында бір нысанның құрылысын жүргізіп жатыр. Сондықтан Тоқабайдағы мектеп құрылысы кішкене тұралап тұр», – деген жауап алдық аудан әкімдігінен баспасөз қызметінен. 

Бір қызығы, құрылыс бас­қармасы мектеп құрылысына тап­сырыс беруші емеспіз деп мә­лім­дегенімен, Арал ауданы әкім­дігі берген ақпаратта тапсырыс беруші  Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасы деп тайға таңба басқандай көрсетіпті. Сонда мектеп құрылысына нақты жауапты кім? Жауапты мекемелер жауап беруде неге жалтарып отыр? 

Қалай дегенде де, аудан әкімдігі тарапынан жырға айналған мектеп құрылысы алдағы дүйсенбіде қайта жанданып, жаңа оқу жылына дейін оқушыларға есігін айқара ашады деп сендіріп отыр. Ал Тоқабай жұрты жаңа мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін бітіретініне күмәнмен қарайды. 

Тобықтай түйін: Осы орайда айта кетейік, бұған дейін Тоқабай ауылындағы 11-сынып оқушылары түгел мемлекеттік грант иегерлері атанып, айды аспанға шығарған болатын. Әкімдік ғимаратында әупірімдеп білім алып жүрген бал­ғындардың осы жетістігін қаперге алсақ, заманауи әрі сапалы білім ордасы ауыл балаларының деңгейін бұдан да арттыра түсері сөзсіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы